Флоридада атыс болып, бірнеше адам жараланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Флорида штатының Форт-Лодердейл қаласындағы әуежайда бірнеше адам жарақат алды. Бұл туралы bbc.com хабарлады.
Қазіргі таңда полиция қызметкерлері арнайы операция жүргізіп жатыр. Шабуылдаушылар туралы мәлімет жоқ.
Жергілікті телеарнаның хабарлауынша, жарақат алған 9 адам туралы айтылып отыр.
Сондай-ақ бір адамның өлгені туралы нақтыланбаған мәлімет бар.
Әуежай әкімшілігінің хабарлауынша, оқиға жүктерді үлестіру залында болған.
Жергілікті телеарналар медицина мамандарының қанға малтыққан азаматқа көмек көрсетіп жатқан көріністері бар түсірілімдерді жария етті.
Тікұшақ арқылы түсірілген кадрларда жүздеген адамдар ұшу алаңында тұр, оқиға орнына «жедел жәрдем» көлігі мен полицияның арнайы жасақтары келген.
Ақ үйдің бұрынғы өкілі Ари Флэйшер «Твиттер» желісіндегі парақшасында атылған қарудың даусы естілген сәтте өзінің әуежайда болғанын айтты. «Қарудың даусы естілісімен елдің бәрі қаша жөнелді», деп жазды ол.
Оқиғаға қатысты мәліметтер әлі түсіп жатыр.