Флойд Мейуезер биыл бокстан кетпек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Америкалық боксшы, pound-for-pound көшбасшысы кiшi Флойд Мейуезер (47-0, 26 КО) 2 мамырда Мэнни Пакьяомен (57-5-2, 38 КО) жұдырықтасқаннан кейiн, Showtime телекомпаниясына тағы бiр жекпе-жектен кейін, қыркүйек айында бокстан бiржола кететінін жариялады.
Ол мансабындағы барлық шыңдарды бағындырғандықтан, былғары қолғапты шегеге iлудi шештiм деп отыр.
«Мен тағы бiр жекпе-жек өткiземiн. Мен расын айтамын, бұл маған тән қасиет. Мен мансабымның ең шыңына жеткенiм соншалық, кез келген қарсыластың алдында қобалжуды да доғарыппын. Менi қазiр ештеңе де селт етпейдi. Келiсiмшарт бойынша тағы бiр кездесу қалды, ол қыркүйекте өтедi», - дедi ол BoxingScene сайтына берген сұхбатында. Еске салайық, 2 мамырда Лас-Вегаста MGM Grand аренасында Мейуезер мен Пакьяо арасында мегафайт өткелi отыр. Сарапқа WBA, WBC және WBO тұжырымдарының чемпиондық белбеулерi қойылған.