03:21, 13 Шілде 2017 | GMT +5
Флойд Мейвезер спорттан кететінін жария етті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бес салмақ дәрежесінде әлемнің бұрынғы чемпионы Флойд Мейвезер UFC файтері Конор МакГрегормен жұдырықтасқаннан кейін спортпен қош айтысатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды «Хабар 24».

Мейвезер басылымға берген сұхбатында екі жыл бұрынғы қалпында емес екенін атап өткен. 40 жастағы боксшының айтуынша, кәсіпқой спорттағы күш-қуат жұмсайтын жаттығуларға төзу қиынға соға бастаған.
«Бұл қолымнан келмейді. Екі мәрте спортқа қайтып келіп жатқанымды білемін, бірақ бұл жекпе-жек - соңғысы, ханымдар мен мырзалар», - деп мәлімдеді ол.
Денсаулығымен қатар спорттан кетуге оның жеке бизнесі де себеп болып отырғаны айтылады.
Еске салайық, жекпе-жек 26 тамызға белгіленген және ол бокс ережелері бойынша өтеді.
Лас-Вегастың T-Mobile аренасында өтетін бұл кездесуді ақылы трансляциялар жүйесі (PPV) арқылы көрсетеді. БАҚ мәліметі бойынша, Мейвезер - МакГрегор жекпе-жегінің жалпы табысы 500 миллион фунт (636 миллион доллардай) болады.