FlyArystan: бортсерікке қол жұмсап, ұшақта бомба бар деген жолаушы қамауға алынды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін FlyArystan әуекомпаниясының Астана — Өскемен бағыты бойынша рейсі ұшуға дайындалып жатқанда жолаушы бортсерікке қол жұмсаған. Бұл туралы FlyArystan әуе компаниясы мәлім етті.

Флайарыстан flyarystan самолеты Ұшақ
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

 FlyArystan әуекомпаниясының Астана — Өскемен бағытында ұшатын рейсі ұшуға дайындық жүргізіп, бортсерік жолаушыларды санап жатқанда өтіп бара жатқан жолаушы кенет ішінен ұрып жіберген. Әуе компанияның хабарлауынша, бұған дейін отырғызу кезінде жолаушы тарапынан қандай да бір деструктивті мінез-құлқы байқалмаған.

— Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен компанияның авиациялық қауіпсіздік қызметінің мамандары шақырылды. Құжаттарды тексеру барысында деструктивті жолаушы бомба бар екенін де мәлімдеді. Осыдан кейін әуежайдың кинологиялық қызметі шақырылып, барлық жолаушылар ұшақтан шығарылды. Сондай-ақ, бортсеріктің жағдайын тексеруден өткізу үшін әуежайдың медициналық қызметі шақырылды, —делінген хабарламада.

Әуе кемесіне жедел түрде мұқият тексеріс жүргізілді, нәтижесінде жарылғыш немесе басқа да тыйым салынған заттар табылған жоқ.

— Әуекомпания борттағы құқық бұзушыларға қатысты төзімділік танытпау саясатын ұстана отырып, деструктивті жолаушыға қатысты қатаң шаралар қабылдайды. Бортта деструктивті мінез-құлық көрсетуге және ережелерді бұзуға мүлдем жол берілмейтінін және бұл заңнамада белгіленген жауапкершілікке әкелетінін еске саламыз, — деп хабарлады FlyArystan әуе компаниясынан.

Көлік полициясы департаментінің мәліметінше, бұзақылық және терроризм актісі туралы жалған хабарлау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Еске сала кетейік, бұған дейін терроризмді насихаттағаны үшін екі азамат 7 жылға сотталғанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар