FlyArystan-ның 12 жасар қызды әуежайда қалдырып кетуі: компания жауапқа тартыла ма

ОРАЛ. KAZINFORM — FlyArystan әуе компаниясының 12 жасар қызды Астанадағы әуежайда қалдырып кетуіне байланысты қолданыстағы ережеге өзгерістер енгізілуі мүмкін.

Рейс кешіктірілген кезде жолаушыларды қонақүйге орналастырмағаны үшін FlyArystan жауапкершілікке тартылды
Фото: Kazinform

Адвокат Данильхан Шағатаевтың Instagram әлеуметтік желідегі парақшасында мәлім еткеніндей, өздерінің арызы бойынша ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінен жауап алған.

«Комитет биылғы 21 шілдеде Астана – Орал бағыты бойынша КС7367 рейсіне баланы өткізбегені үшін FlyArystan әуе компаниясын әкімшілік жауапкершілікке тартуға ниетті екендігін хабарлады. Осыған байланысты комитет пен «Қазақстан авиация әкімшілігі» АҚ мұқият тексеру өткізбекші», дейді Д.Шағатаев.

Сонымен қатар болашақта мұндай жағдайға жол бермеу мақсатында ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 540 бұйрығымен бекітілген жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларына түзетулер енгізу мәселесі қаралады.

«Бұдан бұрын Жазира Мусинамен (қыздың анасы) бірге FlyArystan компаниясына саясатты өзгертіп, балаларды тасымалдау ережесіне өзгерістер енгізуді жазбаша түрде ұсындық. Аталған ұсыныс Көлік министрлігі өкілінің қатысуымен FlyArystan президентімен өткен кездесуде де айтылды», дейді адвокат.

Оның айтуынша, баланы әуежайда қалдырып кету оқиғасы бірінші рет болып отырған жоқ. Егер бұл жолы әуе компаниясы кешірім сұраумен шектелсе, болашақта мұндай жайға мүлдем жол бермеу қажет.

«Біз комитет қағидаға тиісті өзгерістер жобасын әзірлеп, бұл жуық арада қабылданады деп сенеміз. Қолданыстағы ережеге өзгерістер енгізілсе, ол Қазақстандағы барлық әуе компанияларына ортақ болмақ», деді Д.Шағатаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын FlyArystan әуе компаниясының ата-анасыз қалған баланы Астанада әуежайда қалдырып кеткенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ FlyArystan басшысы Оралда егіздердің анасы Жазира Мусинамен кездесті.