Flydubai ұшағындағы шабуылға қатысты жаңа дерек белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM — Дубай –Тель-Авив бағытындағы ұшақ экипажына жасалған шабуылды тергеу барысында күдіктінің жоспарына қатысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі. 

Flydubai ұшағындағы шабуылға қатысты жаңа дерек белгілі болды
Фото: x.com / @jerusalemcenter

30 қыркүйекте ұшақ командиріне шабуыл жасағаны үшін ұсталған Flydubai FZ1073 рейсінің екінші ұшқышы Хамам әл-Хаммами тергеушілерге ұшақты Тель-Авивтегі Бен-Гурион әуежайындағы ғимаратқа немесе басқа ұшаққа соқтыруды көздегенін айтқан.

Бұл туралы жексенбі күні Израиль телеарналары хабарлады, деп жазады The Times of Israel.  БАӘ билігі тергеу нәтижелерін әзірге ресми түрде жариялаған жоқ.

БАҚ мәліметінше, екінші ұшқыш әуе кемесінің командирін өлтіріп, рейсті қалыпты режимде жалғастыруды және қонуға рұқсат алуды жоспарлаған. Қонуға жақын қалғанда ол қауіпсіздік қызметтері шабуылдың алдын алып үлгермейтіндей етіп, ұшақты әуежайдағы ғимаратқа немесе басқа ұшаққа бағыттауды көздеген.

Күдікті Израильге жақын Иордания аумағының үстімен ұшып бара жатқан ұшақта капитан Смит Маччхарға не себепті шабуыл жасағанын осылайша түсіндірді.

Жоспардың жүзеге асуына ұшақ командирі Смит Маччхар кедергі болған. Ол ауыр жарақатына қарамастан, кабина есігін ашып үлгерді. Соның арқасында жолаушылар кабинаға кіріп, шабуыл жасаған адамды тоқтатқан. Ұшақты жолаушылар арасында болған Flydubai компаниясының екі ұшқышы басқарып, Сауд Арабиясының Табук қаласына қондырды.

Израиль телеарналарының хабарлауынша, әл-Хаммами соңғы айларда Бен-Гурион әуежайына бірнеше рет ұшып барған. Маусым айында әуежайға барған кезде ол шабуылға дайындалу үшін мәлімет жинаған деген болжам бар.

Бастапқыда ол жоспарын шілде айында жүзеге асырмақ болған. Алайда экипаж мүшелерінің арасында досы болғандықтан, соңғы сәтте бұл ойынан бас тартқан.

Израильдің 13-телеарнасы күдіктінің Flydubai компаниясына жұмысқа орналасқанға дейін-ақ шабуыл жасауды жоспарлағанын хабарлады. Ол компанияны Тель-Авивке рейстері болғандықтан таңдаған.

Бұған дейін италиялық Corriere della Sera газеті Израиль барлау қызметіне сүйеніп, шабуыл нысанасы зәулім ғимарат болуы мүмкін екенін жазды. Басылым мәліметінше, кабина есігі ашылған соң әл-Хаммами ұшақты шөлді аймаққа бағыттап, басқару тетіктерін істен шығаруға әрекет жасаған.

30 қыркүйек күні кешке жолаушылар Израильге басқа рейспен жеткізілді.

Сауд Арабиясының Ішкі істер министрлігі 1 қазанда екінші ұшқыштың ұшақ командиріне шабуыл жасағанын растады. Екеуінің де жарақат алғаны хабарланып, жағдайлары жақсарған соң БАӘ күштік құрылымдарының бақылауымен Абу-Дабиге жеткізілді.

Қазір тергеуді БАӘ билігі жүргізіп жатыр.

The Times of Israel мәліметінше, әл-Хаммамидің берген жауабы туралы ақпарат Израильге Сауд Арабиясы мен БАӘ-дегі тергеу барысында жеткен. Мақала жарияланған кезде Израиль тергеушілері оны әлі өздері сұрамаған. Ynet дерегінше, БАӘ-де Израиль мамандары да бар, ал бұған дейін Reuters оның жауап алуына дайындық жүріп жатқанын хабарлаған.

Израильдің 12-телеарнасының хабарлауынша, Израиль тарапы БАӘ билігінен бортсеріктерден де жауап алуды сұраған.

Ynet жоғары лауазымды эмираттық дереккөзге сілтеме жасап, әл-Хаммамиге өлім жазасы кесілуі мүмкін екенін хабарлады.

Еске салайық, 30 қыркүйек күні таңертең Flydubai әуе компаниясының Дубайдан Тель-Авивке ұшып бара жатқан ұшағы Сауд Арабиясының үстімен ұшып өткен кезде апаттық белгі беріп, бағытын өзгертті. 

Кейін ұшақ бортында ұшқыштар арасында төбелес болғаны анықталды. Жолаушылар ұшақтың апатқа ұшырауын қалай тоқтатқанын айтып берді. 

Сонымен қатар ұшақ бортындағы оқиғадан кейін Flydubai Израиль рейстерін уақытша тоқтатты.