Фон дер Ляйен: ЕО көшбасшылары мен Зеленскийдің келіссөздерінде жақсы нәтиже бар
АСТАНА. KAZINFORM — ЕО Комиссиясының басшысы Урсула фон дер Ляйен Еуропалық одақ көшбасшылары мен Владимир Зеленский Украинадағы қақтығысты реттеу жоспарын талқылау барысында оң нәтижеге қол жеткізе алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.
«Бүгін Владимир Зеленскиймен жақсы талқылау өтті, ол [Франция президенті Эмманюэль] Макронмен және басқа да еуропалық көшбасшылармен кездесті. <…> Біз жақсы ілгерілеуге қол жеткіздік және осы аптада өз ұсыныстарымызды беруді жоспарлап отырмыз», – деп жазды фон дер Ляйен X әлеуметтік желісінде.
1 желтоқсан күні Макрон мен Зеленский Парижде келіссөз өткізді. LCI телеарнасы Елисей сарайындағы дереккөзге сілтеме жасап хабарлағандай, кездесу барысында олар Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен, Урсула фон дер Ляйенмен, Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Коштамен, НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен және АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стивен Уиткоффпен телефон арқылы сөйлесті. Бұл — Зеленскийдің екі апта ішіндегі Францияға екінші сапары және украиналық қақтығыс басталғалы бергі оныншы сапары.
30 қарашада Флорида штатының оңтүстігінде АҚШ пен Украина арасында Вашингтон ұсынған Украина қақтығысын реттеу жоспарына арналған келіссөздер өтті. АҚШ тарапынан мемлекеттік хатшы Марко Рубио, Уиткофф және Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер қатысты. Украин делегациясының құрамына Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров пен Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Сергей Кислица кірді.
Айта кетейік, Марко Рубио АҚШ пен Украина делегацияларының келіссөзі нәтижелі өткенін мәлімдеді.
Бұған дейін Трамптың Украинадағы бейбітшілік жоспары Флорида мен Парижде талқыланатынын жаздық.