Фоос Парламент және мәслихаттар сайлауында игерілмеген қаржы көлемін атады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауына бөлінген қаржының игерілмеген сомасы белгілі болды.
Оны бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының ашық отырысында комиссия төрағасының орынбасары Владимир Фоос жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихат депуттарының сайлау науқанының аяқталуы бойынша аумақтық сайлау комиссияларының игермеген бюджет қаражаты 812 млн. теңгені құрады. Қаржы республикалық бюджетті кезекті мәрте нақтылау барысында бюджетке қайтарылды», - деді Фоос.
Оның деректеріне сәйкес, Қарағанды облыстық сайлау комиссиясы 95,8 млн. теңге, Ақтөбе облысы 79,6 млн. теңге, Маңғыстау облысы 75,7 млн. теңге, Ақмола облысы 68,6 млн. теңге, Жамбыл облысы 64,8 млн. теңге және Оңтүстік Қазақстан облысы 62,9 млн. теңге бюджет қаржысын пайдалана алмаған.
«Игерілмеген қаржының ең аз бөлігі Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарына тиесілі. Айта кетелігі, сайлау өткізуге бөлінген бюджет қаржысын толықтай көлемде игерген облыстық сайлау комиссиясы жоқ», - деді төраға орынбасары.