Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Forbes: Тейлор Свифт әлемдегі ең қымбат әнші атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Forbes журналы әлемдегі ең қымбат әншілердің рейтингін жасады, онда жылына 170 млн. доллар (2016 жылдың маусымына дейінгі көрсеткіш) табыс тапқан Тейлор Свифт көш бастап тұр.

Forbes: Тейлор Свифт әлемдегі ең қымбат әнші атанды

Табысының басым бөлігін мамыр айында Жапонияда басталған «1989» концерттік турынан түскен кірістер құрайды. Сондай-ақ, Свифт диеталық газдалған сусынның, Apple өнімінің және Keds компаниясының аяқ киімдерінің жарнамасынан да көлемді табыс тапқан. «Оның тыңдармандары жылдан-жылға өсіп келеді және оларды нарықтың түрлі салаларынан кезіктіруге болады», - деп атап өтті Fox Rothschild заңгерлік компаниясының шоу-бизнес жөніндегі сарапшысы Лори Лэндрю.

Екінші орынға әнші Адель $80,5 млн. нәтижесімен тұрақтады. Бұл көрсеткіш әзірге әншінің ең ірі қаржылық табысы. Оның табысының негізгі бөлігін «25» альбомының сатылымы және өнер көрсетуінен түскен ақша құрайды. Үшінші орында Мадонна тұр, оның жылдық табысы $76,5 млн. болған. 2013 жылы Мадоннаның бірінші орында тұрғанын атап өткен жөн.

Үштікке енбесе де, тізімнің алдыңғы қатарынан орын алған Рианна ($75 млн), Бейонсе ($54 млн), Кэти Перри ($41 млн), Дженнифер Лопес ($39,5 млн), Бритни Спирс ($30,5 млн), Шанайя Твейн ($27,5 млн) және Селин Дион ($27 млн) бар.