Forbes тізіміндегі кәсіпкерлер Қостанайда тасқыннан зардап шеккендерге баспана сатып әпереді

қанат бозымбаев
Фото: ҚР Үкіметі

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM — Қостанай облысына ірі бизнес өкілдері көмек көрсетуге дайын: ADD Сapital холдингінің негізін қалаушы Данияр Әбілғазин, ERG компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимов, «Аллюр» және «АгромашХолдинг» компанияларының директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев, сондай-ақ «RG Brands» басқарма төрағасы Тимур Қалтаев. Су тасқынының салдарымен және алдағы қалпына келтіру жұмыстарының көлемімен оларды вице-премьер Қанат Бозымбаев таныстырды.

Қостанай, Арқалық қалалары мен Амангелді, Жангелді, Қарасу және Қостанай аудандарында жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі әлі де сақталып отыр. Эвакуациялық пунктерде 160 адам бар. Қанат Бозымбаев эвакуацияланған азаматтармен кездесіп, оларға шығындарын өтеу тәртібін түсіндірді.

тасқын
Фото: ҚР Үкіметі

«Тұрғын үйді қалпына келтіру мүмкін болмаған жағдайда біз үйді салып береміз немесе әкімдік оны сатып алады. Бұл демеушілер, меценаттар мен бизнес өкілдері есебінен жасалады. Әлеуметтік желі қолданушылары ірі бизнес өкілдері тұрғын үйді қалпына келтіруге бөлген қаражаттың сақталуына алаңдаушылық білдіріп жатыр. Бұл қаражатты негізінен бизнес өзі жұмсайтын болады. Олар зардап шеккендерге баспана сатып алып береді, үй салады немесе жөндейді», — деп түсіндірді вице-премьер.

Қанат Бозымбаев, мемлекеттік қызметшілер жер бөлу мен үлгілік жоспарды жасаудан бөлек, үйлерді сатып алу, жөндеу немесе салу процесіне ықпал етпес үшін, демеушілердің жергілікті немесе меншікті құрылыс компанияларына тікелей қаражат бөлетінін атап өтті. Вице-премьер өтемақы мен қаржылық көмекке жеке тоқталды. Қостанай облысының тұрғындарынан біржолғы төлем алуға 3 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Жалпы сомасы 705,2 млн теңгеге 2 мыңға жуық отбасына қаржылық көмек көрсетілді.

тасқын
Фото: ҚР Үкіметі

«Барлық зардап шеккендерге 100 АЕК төлеу жергілікті атқарушы және өкілді органдардың, яғни мәслихаттар мен әкімдіктердің құзыретінде. Олар кімге қандай соманы және қалай төлеу керегін анықтайды. Мәселенің баршаға ортақтығын ескере отырып, Шұғыл штабқа зардап шеккендердің барлығына, оның ішінде үйі суға кеткендер мен тасқын салдарынан көшуге мәжбүр болғандарға, сондай-ақ, саяжай иелері мен жалдап тұрғандар және саяжай — жалғыз баспанасы болғандарға 100 АЕК төлем жасауға кеңес бердік», — деді Қанат Бозымбаев.

Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккендер 150 АЕК көлемінде жоғалған және бүлінген мүлік үшін өтемақы алуға құқылы. Мұндай мүліктің тізіміне тамақ сақтауға және дайындауға арналған заттар, тамақ ішуге арналған жиһаз, ұйықтауға арналған жиһаз, азаматтарды ақпараттандыру құралдарының заттары, сумен жабдықтау және жылыту құралдары кіреді. Вице-премьер арнайы комиссияларға 10 мамырға дейін су тасқынының залалын бағалау бойынша барлық жұмыстарды аяқтауды тапсырды.

тасқын
Фото: ҚР Үкіметі

Бүгінде Қостанай ауданының тұрғындарына жаңа көпқабатты үйлердің бірінде пәтерлер беріле бастады. Аудан әкімдігі тұрғын үй беру үшін 30-ға жуық шарт жасасты. Кәсіпкер Данияр Әбілғазиннің «Аяла» қоры тұрғындарға қаржылай көмектесті: кәсіпкер Қостанай ауданы мен Арқалық қаласының жалпы 65 отбасына жеке қаражатынан 1,5 млрд теңгеге пәтер сатып алып беріп, тағы 500 млн теңгені «Демеу» қорына жібереді.

«Менің үйім Алтынсарин ауылында жартылай су астында қалды. Ол тұруға жарамсыз деп танылды. Бірден үлкен қолдау көрсетілді, қажет заттардың бәрімен қамтамасыз етті. Менің үш балам бар, бізге жаңа үйден үш бөлмелі пәтер берілді. Сіздерге көп рахмет!» — деп Қостанай облысының тұрғыны Әсем Камалова алғысын білдірді. 

Күн суытпай тұрып жергілікті билік баспанасыз қалған барлық адамдарды баспанамен қамтамасыз етуі керек. Қостанай облысының әкімдігіне ірі кәсіпкерлер 378 үй сатып алып беріп, 638 үйді жөндеуге көмектеседі.

көмек
Фото: ҚР Үкіметі

«Ел үшін қиын уақытта ешкім шетте қалмауы керек. Қостанай облысында біздің бірнеше кәсіпорындарымыз бар және біздің қызметкерлер апатқа қарсы күреске, ауыл тұрғындарын, атап айтқанда балаларды су басу аймағынан шұғыл эвакуациялауға белсенді қатысты. Арқалық маңындағы ауылдарға бөгет салу үшін арнайы техникамыз жіберілді. Баспанасыз қалғандар үшін біз дайын баспана сатып алып береміз», — деді ERG компаниясы менеджерлер кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимов.

Айта кетейік, Eurasian Resources Group негізін қалаушы акционерлер су тасқынының алғашқы күндерінде 400 млн және тағы 40 млрд теңге бөлді. ERG қаражатына жол және инженерлік инфрақұрылым, сондай-ақ Қостанай облысындағы зардап шеккен мектептер қайта жаңартылады.

Кәсіпкер Андрей Лаврентьев өңірге 3 млрд теңге бағыттайтынын айтты. Бұл қаржылай көмек 140 үй салуға немесе 96 пәтер сатып алуға, сондай-ақ 400 үйді жөндеуге жұмсалады. Сонымен қатар Андрей Лаврентьевтің компаниялары «Демеу Қазақстан қоры» корпоративтік қорына 500 млн теңге аударған болатын.

андрей лаврентьев
Фото: ҚР Үкіметі

«Мына қиын сәт бізді біріктірді. Қостанайға үлкен су келгеннен кейін біздің мыңнан астам қызметкеріміз әкімдік пен арнайы қызметтердің мамандарымен бірге бөгеттерді нығайтумен айналысып, адамдарға көмектесті. Бұл біздің туған өлкеміз, біздің барлық кәсіпорындарымыз осында. Бөлінген қаражатқа пәтерлер сатып алынып, үйлер салынатын болады. Біз Мемлекет басшысының үндеуін іске асыруға атсалыстық және менің ойымша, біз бұл жұмысты Үкіметпен бірге міндетті түрде жасап бітіреміз», — дейді Андрей Лаврентев.

Өз кезегінде RG Brands компаниясы Қостанай облысында тұрғын үй салуға және қалпына келтіруге 1,46 млрд теңге бөледі.

Естеріңізге сала кетейік, меценаттарды жекелеген өңірге бекіту аясында жаңа тұрғын үй құрылысы Солтүстік Қазақстан облысында басталды. Мұнда жергілікті тұрғындарға Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким, Kazakhmys Holding Директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай және KAZ Minerals Management басқарма төрағасы Эльдар Мамедов көмектесуге бел буды. Су тасқыны салдарын жоюға Kazakhmys және KAZ Minerals компаниялары барлығы 40 млрд теңге бағыттайды. Ал Kaspi.kz 20 млрд теңге бөледі.

Соңғы жаңалықтар