«Forbes» журналы әлемдегі ең бай он әйелдің тізімін жариялады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 8 наурыз мерекесі қарсаңында «Forbes» журналы жер бетіндегі ең бай әйелдердің тізімін жариялады. Бұл туралы Утро.ру жазады.
Бұл тізімде бірінші орынды Wal-Mart бүкіләлемдік сауда желісінің мұрагері Джон Уолтонның жесірі 59 жастағы Кристи Уолтон алады. Ол $36,7 миллиардтың иегері. Ол соңғы уақыттары Джексонда (Ваймонг штаты) елден оқшауланып өмір кешкен еді, тек өткен жазда ғана Imagen Foundation марапатын алу үшін көпшілік алдына шықты. Осылайша, Уолтон аталмыш тізімде «парфюмерия патшайымы» Лилиан Бетанкурды екінші орынға сырғытты. Басылым Лилианның байлығының $34,5 миллиардты құрайтынын жариялады.
Үшінші орынды тағы да Уолтон жанұясы иеленді. Компанияның негізін қалаушының 64 жастағы қызының капиталы едәуір шамаға артқан - өткен жылы ол $26,3 млрд болса, биылғы жылы ол $34,3 миллиардқа жеткен. Төртінші тұғырда аты әлемге әйгілі Mars кондитерлік компаниясының топ-менеджері Жаклин Марс тұр. Ол 1999 жылдан бері екі бауырымен бірге әкесінің мұраға қалдырған бизнесінің иегері болып табылады. Қазір «тәттілер әлемі патшасының» қалтасы $20 миллиардқа қалың.
Бесінші орынды алған бай әйел Джорджиана Рейнхарт австралиялық темір рудасы компаниясын басқарады. Оның байлығы 17,7 млрд. долларды құрайды. Бұдан кейінгі орындарды BMW-ның 12,5% акциясын иеленген Сюзанна Клаттен, Fidelity Financial Services компаниясының президенті Эбигейл Джонсон, Cox Enterprises жеке меншік медиаконцернінің акционері Энн Кокс-Чемберс, Стивен Джобстың жесір қалған әйелі Лорен Пауэлл Джобс және BMW акциясының 16% пайызының иегері Джоанна Квандт өзара бөліседі.