2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Формула-1: Әзербайжан Гран-приінде алғашқы күннің үздіктері анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Бакуде Әзербайжан Гран-приінің алғашқы жарыс күні аяқталды. Mercedes командасының жүргізушісі Джордж Расселл екі еркін жаттығуда да ең үздік нәтиже көрсетті. Екінші жаттығуда оның командаласы Кими Антонелли екінші, ал Red Bull сапындағы Макс Ферстаппен үшінші орынға жайғасты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Әзербайжандағы меншікті тілшісі.

Формула-1 в Баку
Фото: Серікбол Қошмағанбетов/Kazinform

Алғашқы еркін жаттығуда Расселл айналымды 1 минут 45,387 секундта бағындырып, Ферстаппеннен 0,400 секундқа озып кетті. Үшінші нәтижені Шарль Леклер көрсетсе, төртінші орынға Льюис Хэмилтон жайғасты.

Екінші еркін жаттығуда Расселл уақытын 1 минут 43,347 секундқа дейін жақсартты. Антонелли одан 0,552 секундқа, Ферстаппен 0,827 секундқа қалып қойды. Ал Леклер төртінші, Хэмилтон бесінші орынға шықты.

Антонелли үшін Бакудегі алғашқы күн сәтсіз басталды. Бірінші еркін жаттығудың 25-минутында Mercedes жүргізушісі жетінші бұрылыс тұсында гидравликалық жүйедегі ақауға байланысты көлігін тоқтатты. Соның салдарынан трассада Virtual Safety Car режимі іске қосылды. Алайда ол екінші жаттығуда қайта жолға шығып, екінші нәтижені көрсетті.

Екінші еркін жаттығуда тағы бір оқиға тіркелді. Racing Bulls жүргізушісі Арвид Линдблад сегізінші және тоғызыншы бұрылыстар арасындағы тар бөлікте көлігін игере алмай, қабырғаға соғылды. Осыдан кейін жаттығу қызыл жалаумен уақытша тоқтатылды.

Техникалық мәселелер өзге жүргізушілерге де кедергі келтірді. Haas сапындағы Оливер Беарман қозғалтқышы тоқтаған соң трассадағы жұмысын мерзімінен бұрын аяқтады. Ал алғашқы еркін жаттығуда Williams жүргізушісі Карлос Сайнс пен Racing Bulls өкілі Исак Хаджар техникалық ақауға тап болды. McLaren жүргізушісі Ландо Норрис те көлігіндегі мәселеге байланысты жаттығудың едәуір бөлігін өткізіп алды.

Жарыс басталмай тұрып, Aston Martin жүргізушілері Фернандо Алонсо мен Лэнс Строллдың күштік қондырғының кейбір бөлшектері бойынша маусымдық лимиттен асқаны анықталды. Техникалық регламентке сәйкес, екеуі де старттық торда айыппұл алады.

Бакудің қалалық жарыс жолы 6,003 шақырымға созылады. Сегізінші және тоғызыншы бұрылыстар тұсында трасса ені 7,6 метрге дейін тарылып, жүргізушілер үшін ең күрделі учаскелердің біріне айналады.

Гран-при бағдарламасы 25 қыркүйекте жалғасады. Баку уақытымен сағат 12:30–да үшінші еркін жаттығу, 16:00–де іріктеу кезеңі өтеді. Ал 26 қыркүйек сағат 15:00–де 51 айналымға жоспарланған негізгі жарыс басталады.

Бұған дейін Бакуде «Формула-1» бойынша Әзербайжан Гран-приінің оныншы кезеңі басталғанын хабарлаған едік.