«Форумның беделі - Қазақстанның беделі» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда маусымның 8-і, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің ІІІ саммитіне қатысу үшін Ыстамбұл қаласына келді», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Форумның беделі - Қазақстанның беделі» деген мақаласында. Басылымның мәлім етуінше, кеше кешкісін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүлмен кездескен. Кездесу барысында Мемлекет басшылары екі ел арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай тереңдету мәселелерін талқылап, саммиттің күн тәртібі бойынша пікір алмасқан. Сондай-ақ осы күні Қазақстан басшысы АӨІСШК-нің ІІІ саммитіне келген бірқатар мемлекеттер басшылары - Иран Ислам Республикасының Президенті М.Ахмединежадпен, Палестина Ұлттық Әкімшілігінің Басшысы М.Аббаспен, Македония Республикасының Президенті Г.Ивановпен, Түркия Премьер-министрі Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті.
Қазақтың қазынасы - құдыретті күй өнері дүлдүлдерінің бірі домбырашы, Қазақстанның халық әртісі Қаршыға Ахмедияров 65 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Қазақ мәдениеті орны толмас қазаға душар болды. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газеті арқылы ҚР Үкіметі, Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев, сенатор Қуаныш Сұлтанов, Әбіш Кекілбайұлы, Мырзатай Жолдасбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ілия Жақанов, Қазақстан Композиторлар одағының төрайымы Балнұр Қыдырбек, ал «Айқын» басылымы арқылы Қазақстанның халық әртістері Қайрат Байбосынов пен Жәния Әубәкірова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева дарынды күйшімен бақұлдасты.
«Егемен Қазақстан» газетінің сейсенбілік санының 9, 10, 11, 12-ші беттерінде Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Салауатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасы жарияланды. Бұл бағдарламаның жобасымен «Казахстанская правда» газетінен де таныса аласыздар.
Маусымның 7-сі күні республика Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен еліміздің шығысында болды. ҚР Премьер-Министрінің жұмыс сапары барысында кеңінен жазылған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Үкімет өңірге қолдау көрсетпек» деген тақырыппен басылды.
***
Таяу Шығыста тағы бір жанжал оты тұтанды. Оқыс тұтанған оқиғаға әзірше соңғы нүкте қойылар емес. Мамырдың 31-і күні азанда Израильдің әскери теңіз күштері Газа секторына гуманитарлық жүк әкеле жатқан кемелерге шабуыл жасаған болатын. Осы жайтқа орай «Айқын» газетінің сейсенбілік санында «Таяу Шығыс тағы да тас-талқан» деген тақырыппен мақала жарияланды. Басылымның атап өтуінше, гуманитарлық жүк әкеле жатқан 6 кемеде 700-ге тарта адам болған. Олардың арасында құқық қорғаушылар, саясаткерлер, Еуропа парламентінің депутаттары, журналистер, тіпті Нобель сыйлығының иегері де, АҚШ-тың Ирактағы бұрынғы елшісі де бар екен. Жүк тиелген кемелердің екеуі түріктерге тиесілі болатын. «Түркия - АҚШ-тың аймақтағы сенімді одақтасы, НАТО-ға мүше, ел аумағында АҚШ-тың ядролық қаруы бар базасы орналасқан. Израиль де сондай? Барак Обама екі оттың ортасында қалды», деп жазады басылым.
Таяуда «Фолиант» баспасынан Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Он делает историю» деген кітабы жарық көрген болатын. Кітапта ұлттық лидер ретіндегі ерекше тұлға Н.Назарбаевтың ел үшін атқарған игі істері барысындағы көпшілікке белгісіз оқиғалар, автор куә болған қызықты жайттар мен бұрын беймәлім тарихи фактілер баяндалады. «Айқын» газеті осы кітаптың кебір тарауларынан үзінділерді «Мемлекет құрушы, реформатор және жасампаз» деген тақырыппен оқырман назарына ұсынып отыр.
«Кеше Тәуелсіздік сарайында «АстанаИнвест-2010» І Халықаралық инвестициялық форумы өтті. Мәртебелі жиынды Астана қаласының әкімдігі Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп ұйымдастырды», деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Басылымның атап өтуінше, форумға Ресей, Еуропа, АҚШ, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдерінен беделді қаржы сарапшылары мен бизнес-элита өкілдері, астаналық орталық және жергілікті атқарушы органдар, ұлттық компаниялар, даму институттары, шетелдік компаниялар, қаржы институттары, ірі және орта бизнес өкілдері қатысқан.
Елорда төрінде өткен алқалы жиын турасында «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Алаш айнасы» газеттері де кеңінен жазған.
Мемлекеттік мерекеге айналған Астана күнінің басталуына санаулы күндер ғана қалды. Айтулы мереке ағымдағы жылы да 3 күн қатарынан тойланбақшы. Осыған орай «Астана ақшамы» газеті қала күнінде жұртшылыққа тосын сый болар тамаша шаралар жайында бүгінгі нөмірінде арнайы мақала берген. «Астананың тойына биыл ресейлік қос жұлдыз Игорь Крутой мен Дмитрий Хворостовский «Дежавю» концерттік бағдарламасын тарту етпекші», деп жазады басылым. Мереке күндердегі мәдени шаралармен газеттің сейсенбілік нөмірінен таныса аласыздар.
***
«Алматы облысы, Қарасай ауданы, Тастыбұлақ ауылындағы «Ақсай» Республикалық балалар ауруханасының құзырындағы саябақ жермен жексен болып, мүлдем жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Бұл туралы әңгіме біраздан бері көтеріліп келеді», деп жазады «Алаш айнасы» газеті «Тастыбұлақтағы қорғанға қорғаушы табылмай отыр» деген тақырыппен жарық көрген мақаласында. Басылым мақалаға тұздық ретінде бірқатар мамандардың да пікірлерін қоса жариялаған.
«Қытай азайып барады». «Алаш айнасы» газетінің Синьхуа агентіне сүйеніп хабарлауынша, 2040 жылға дейін Қытайдағы халық саны тағы да 135 миллионға өседі екен. Алайда осыдан кейін азаю сатысы басталатын көрінеді. «Таяуда ел астанасы Бейжің қаласында демографиялық зерттеулер аясына өткен халықаралық симпозиумға қатысқан аталған агенттік ел сарапшыларының пікіріне сүйеніп, Қытайдың демографиялық жағдайына тоқталып өтті. Аталған мәлімдемеге сәйкес осы уақытта Қытайда туылудың жалпы коэффициенті 1,6-1,8 пайызды құрайды екен. Сөйтіп, 2040 жылы қытай халқының шарықтау шегі 1,47 миллиардқа дейін жететін болады. Одан кейін халық санының азаю үдерісі басталып, 2050 жылға қарай қытайлықтардың саны 1,45 миллиардқа дейін төмендейтінге ұқсайды», деп жазады басылым.
«Алаш айнасы» газетінің «Дат!» айдарында саяси ғылымдар докторы Зулфуһар Гаиповпен арадағы сұхбат «Жаһандануға қарсы тұруға қауқар боларлық күш - ұлттық мәдениет» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің сауалдарына тұщымды жауап берген ғалым «меніңше, түркі әлемінің көкжиегі бұдан былай да кеңейе түседі. Оған барлық мүмкіншілік қарастырылған. Әрине, кедергілер де жоқ емес. Түркі әлемінің әлемдік аренаға қайта көтерілуіне Орталық Азияның мемлекет басшыларының саясаты кедергі болып отырғанын ашық айтуымыз керек», депті.
***
«Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, балерина Анастасия Волочкова Алматыдан балет мектебін ашуды армандайды», деп жазады «Время» газеті. Ол бұндай ниеті бар екендігін маусымның 2-сі мен 6-сы аралығында Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өткен 15-ші опера және балет өнері халықаралық фестивалінің қорытындылау барысында білдірген. Мақаланың толық нұсқасын газеттің сейсенбілік санынан оқи аласыздар.