Фоторепортаж: Алматыда «Тамаша» сериалы түсіріліп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда «Тамаша» әзіл-сықақ театры жайлы сериалдың түсірілім жүріп жатыр. Телесериал Jibek Joly телеарнасында осы жылдың қараша айында көрерменге жол тартады.
«Тамаша» сериалының сюжеті 1991 жылдан бастап өрбиді және қазақ телевизиясында ерекше орны бар театрдың тарихынан сыр шерте отырып, Кеңес Одағы ыдырап жатқан дәуірдің бет-бейнесін көрсетеді. Бір жылға жуық дайындықтан кейін сериалдың түсірілімі 15 қыркүйек күні басталған. Жалпы телесериалдың түсірілімі қараша айының басына дейін Алматы, Есік қалаларында және Алматыға жақын ауыл-аймақтарда жүреді. Тележоба режиссері – Нұрғиса Әлмұрат.
Сериалдың атқарушы продюсері Алмас Сағынұлының айтуынша, «Тамаша» – театр әртістерінің өмірінен шабыттанған көркем сериал.
- Сериалдың оқиғасы «Тамаша» театрындағы ағаларымыздың өмірінен шабыттанған. Дегенмен, бұл – көркем сериал болғандықтан, тарихи және хронологиялық сәйкестік сақталмайды. Сериалда ағаларымыздың басынан өткен, көбісі біле бермейтін оқиғалары да, ойдан шығарылған сюжет желілері де бар. Тележобаның алғашқы бөлімдері Jibek Joly телеарнасында қараша айының соңында көрсетіле бастайды. Жалпы әрқайсысы 45 минуттан 10 серия болады, – деді Алмас Сағынұлы.
Ал телесериалдың креативті продюсері әрі басты сценаристі Дархан Оспанов телесериалды түсіруге дайындық барысында «Тамаша» театрының әртістерімен кездесу өткенін атап өтті.
- Биыл қаңтар айынан бастап тиянақты түрде деректерді жинауға кірістік. Алдымен, көзі тірі театр әртістерімен кездестік. Өмірден өткен тамашалықтардың отбасымен жолығып, нақты деректер алдық. Мамыр айынан тамыз айына дейін 4 ай сценарий жазылды. Енді 35 күн түсірілім болады. Сериал желісіне тоқталсақ, «Тамаша» әртістері мен оған қатысы бар адамдардың өміріндегі қызық оқиғаларды біз әр серияға қостық. Бірақ жалпы оқиға мен басты кейіпкер – Қайсар деген жігіт ойдан шығарылған. Сериал Қазақстан тәуелсіздігін алуға жарты жыл қалған кезден басталады. Әр серияда Кеңес Одағы ыдырауының әртүрлі жаңалықтары мен кезеңдері көрсетіледі, – деді сценарист.
Телесериалдың актерлік құрамында үлкен экранға жиі шығатын танымал актерлерден бөлек жас талапкерлер де бар. Бұл туралы сериалдың атқарушы продюсері Алмас Сағынұлы айтты.
- Ең қиын жұмыстарымыздың бірі – кастинг болды. Бүкіл елден, аймақтық театрлардан актерлер іздедік. Ең бірінші талабымыз – портреттік сәйкестік болды. Ағаларымызға 100 пайыз ұқсастық таба алмастақ та, бет әлпеті жақын актерлерді іздедік. Бұл жұмыс қолымыздан келді деп ойлаймын. Актерлік құрамның ішінде бірінші рет үлкен кинода өзін сынап көріп жатқан жастар да, елге танымал тәжірибелі актерлер де бар, – деді тележобаның атқарушы продюсері.
«Тамаша» сериалында Мейірман Нүрекеевтің рөлін Кенен Ақүрпеков сомдамақ. Оның айтуынша, талай ұрпақ теледидардан көріп өскен театр актерлерінің образын сомдау – үлкен жауапкершілік.
- Мен сериалда өзінің қайталанбас тұлғасымен, қайталанбас образдарымен халықтың көкейінде қалған Мейірман Нүрекеевтің рөлін ойнаймын. Осы жобаның режиссері Нұрғиса Әлмұрат мені Мейірман ағаның рөліне шақырған кезде мен іштей қиналдым. Себебі осы уақытқа дейін киноларда Ахмет Байтұрсынұлының, Бердібек Соқпақбаевтың, Амангелді Имановтың рөлдерін сомдап жүрмін. Бұл кісілердің образдары салмақты, ал Мейірман аға әзілге жақын кісі болған. Бірақ «қанша дегенмен ол кісілердей бола алмаймыз, біздікі болмасаң да ұқсап бағу» деп осы сериалға қосылдым, – деді Кенен Ақүрпеков.
Телесериалдың актерлік құрамына қосылған жас актерлердің қатарында Бақытжан Балаханов бар. Ол сериалда Бауыржан Ибрагимовтың рөлін сомдайды.
- «Тамаша» сериалы мен үшін екінші үлкен тележоба, бұған дейін «12:86» сериалына түскенмін. «Тамаша» менің балалық шағым деп айта аламын, бала кезден көріп өстік. Сондықтан сериалдың кастингінен өткенде қатты қуандым. Сериалдың бір бөлігі болу мен үшін үлкен бақыт, – деді жас актер.
Еске салайық, бұған дейін шынайы оқиға желісімен түсірілген «111» телесериалының түсірілімінен репортаж ұсынғанбыз.
16 қыркүйектен бастап «111» Juz on bir» телесериалы Jibek Joly телеарнасында көрсетіліп келеді.