Франция Әбіләзовті Украинаға экстрадициялау мәселесін қарастырып жатыр - Бас прокуратура

АСТАНА. 6 тамыз. ҚазАқпарат - Франция билігі халықаралық міндеттемелеріне сәйкес, Әбіләзовті Украинаға экстрадициялау мәселесін қарастыруда.

Франция Әбіләзовті Украинаға экстрадициялау мәселесін қарастырып жатыр - Бас прокуратура

Бұл туралы бүгін Бас прокуратураның ресми өкілі Н.Сүйіндіков мәлім етті.

Еске сала кетейік, Францияда ұсталған БТА банктің бұрынғы басщысына қатысты Қазақстаннан бөлек Украина мен Ресейдің құқық қорғау органдары экстрадициялау туралы өтініш берген.

«Аталған процестер бір-бірінен тәуелсіз жүруде. Ешкімнің де басқа мемлекеттің құзыретті органдарымен айыпталған тұлғаларды іздеу және ұстап беруге қатысты шешімдердің қабылдануына араласуға немесе әсер етуге құқығы жоқ. Ал қылмыс жасаған күдікті тұлғаларды экстрадициялау мәселелері олар жасырынып жүрген елдердің ішкі заңнамасымен, сондай-ақ халықаралық келісімдермен реттеледі», - деді Н.Сүйіндіков.

Ресми өкілдің айтуынша, Франция, Ресей және Украина 1957 жылғы 13 желтоқсанда Парижде жасалған Құқық бұзушыларды ұстап беру туралы Еуропалық конвенцияның қатысушылары. Ал Қазақстан бұл конвенцияның қатысушысы емес.

«Қазіргі таңда Франция билігі халықаралық міндеттемелерге сәйкес, Әбіләзовті Украинаға экстрадициялау мәселесін қарастыруда. Дегенмен, Әбіләзовтің осы конвенция негізінде Ресей Федерациясына да экстрадициялануының заңды мүмкіндігі жоққа шығарылмайды. Ал конвенцияның 17-бабы бірнеше мемлекеттен экстрадициялау туралы өтініштер келіп түскен кезде айыпталушыны ұстап беру мәселелерін реттейді. Сондай-ақ, конвенция аясында қылмыстың ауырлығына, оның жасалу орнына, сұратулардың келіп түсу уақытына, азаматтығына және кейіннен басқа мемлекетке ұстап беру мүмкіндігіне байланысты шешімдер қабылдауын қарастырады», - деді Н.Сүйіндіков.