Франция Әблязовке бассауға болудан бас тартты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Франция қашқын банкир Мұхтар Әблязовке саяси бассауға болудан бас тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Францияның Ұлттық бассауға мәселелері жөніндегі сотының ресми сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, қашқын банкирдің адвокаттары Пикуа мен Карим Бейлуни сотқа елдің Босқындар мен азаматтығы жоқ тұлғаларды қорғау жөніндегі басқармасының өз қамқорлығындағы азаматқа саяси босқын мәртебесін беруден бас тартуына орай шағым түсірген. Сот адвокат шағымын қарағанмен Әблязовке саяси босқын мәртебесін беруден бас тартқан.

Естеріңізге сала кетсек, өткен айда Мемлекет басшысының Францияға сапарынан кейін ҚР Сыртқы істер минстрінің орынбасары Роман Василенко Мұхтар Әблязовті Қазақстанға экстрадициялау саяси деңгейде талқыланбайтындығын айтқан еді.

«Қазақстан мен Франция арасында қазіргі уақытта экстрадициялау туралы келісім жасалмаған. Бұл мәселе француз тарапымен одан әрі талқыланады. Менің білуімше, қазір Францияда Әблязов мырзаға қатысты сот процесі жүріп жатыр», - деген еді Сыртқы істер министрінің орынбасары.


Соңғы жаңалықтар