13:31, 02 Маусым 2009 | GMT +5
Франция Әскери-теңіз күштерінің кемесі жоғалған ұшақтың сынықтарын таппады
РИО-ДЕ-ЖАНЕЙРО. Маусымның 2-сі. ҚазАқпарат – Франция Әскери-теңіз күштерінің кемесі бразилиялық ұшқыштар көрсеткен ауданнан кеше жоғалып кеткен Airbus A330-200 ұшағының сынықтарын іздеп, таппады, бұл туралы сейсенбі күні журналистерге Бразилия Әскери-әуе күштеріндегі дерек көз хабарлады.
Дерек көздің ақпараты бойынша, іздеуші кеме AF 447 рейсімен байланыс жоғалғаннан кейін мұхит үстінде жарқыл байқағандары туралы бразилиялық ТАМ әуекомпаниясы ұшқыштарының хабарлары бойынша Сенегалдың аумақтық суларында апаттың іздерін таба алмаған. Бразилияда кеше Air France авиакомпаниясының жолаушылар ұшағы радардан жоғалып кеткенін ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлаған болатын. Париждегі Шарль де Голь әуежайының өкілдерінің мәліметтері бойынша, Рио-де Жанейро-Париж бағытында ұшып бара жатқан аэробустың бортында 216 жолаушы және 12 экипаж мүшесі болған. Лайнермен байланыс таңертең жоғалған. Бірақ Франциядағылар үміттерін жоғалтпаған. Ұшақ жергілікті уақыт 11.10-да (мәскеу уақыты бойынша 13.10) Париж әуежайына келмеген соң, дабыл көтерілген. Ұшақ әлі табылған жоқ. Атлант мұхитында жүргізіліп жатқан іздестіру-құтқару операциясына Бразилия Әскери-әуе күштерінің бес ұшағы мен екі тікұшағы қатысуда.