Франция елшісі қазақстандықтарға ерекше құттықтауын жолдады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Филипп Мартинэ Астананың айшықты жерлерін аралап, қазақстандықтарға өзінің жаңа жылдық құттықтауын жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ф.Мартинэ алдымен ескі теміржол вокзалына барып, өткен жылдың негізгі шараларына тоқталды.
«Сәлем, Астана! Міне, тағы бір жыл артта қалды. 2018 жыл Франция мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестістіктің 10 жылдығы, француз Наурызы, Цифрлық күз және Астананың 20 жылдығы сияқты ауқымды іс-шаралармен есте қалды. Келер 2019 жылдан да күтеріміз көп», - деді елші. Осыдан кейін ол Қазақстандағы ең үлкен Тудың жанында тұрып, тілек айтты. «Құрметті қазақстандықтар, Доңыз жылында аспандарыңыз бүгінгідей шайдай ашық болсын! Көңілдеріңіз тоқ, уайым-қайғы жоқ болсын! Көк Туларыңыз әрқашан бейбітшіліктің жаршысы болып, желбірей берсін!», - деп атап көрсетті Ф.Мартинэ.
Елші Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітіне де барды. Сол жерде басына тақия киіп тұрып, жылы лебізін жеткізді.
«Жаңа жылда сенімдеріңіз берік, рухтарыңыз биік, имандарыңыз жоғары болсын!», - деді ол.
Бұдан бөлек, Ф.Мартинэ балық аулап, сырғанақ тепті. Ал ең соңында үйде отырып, шәй ішеді. «Осындай кызыққа толы аязды күнде жылы үйде ып-ыстық шай ішкенге не жетсін! Жаңа жыл құтты болсын!», - дейді елші.