Франция Еуроодаққа Ресей мұнайы импортын шектеу ұсынысын қолдайды
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Франция Еуроодаққа Ресей мұнайы импортын шектеу ұсынысын қолдайды. Бұл туралы Франция экономика және қаржы министрі Брюно Ле Мэр мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.
Франция министрі «Europe-1» радиостанциясына берген сұхбатында Ресей мұнайына эмбарго Еуроодақ деңгейінде әзірленіп жатқанын және Франция бұл бастаманы қолдайтынын айтты.
«Таяу аптада еуропалық серіктестерімізді Ресей мұнайы импортын тоқтатуға көндіреміз», - деді Б.Ле Мэр.
Еуропа істері жөніндегі мемлекеттік хатшы Клеман Бон Францияның Ресей мұнайына, сондай-ақ Ресей газына қатысты санкциялар бойынша ұсыныстарын қолдайтынын растады. Бұл туралы француз дипломаты жергілікті «Қоғамдық сенат» арнасында айтты.