04:46, 13 Ақпан 2013 | GMT +5
Франция ішкі істер министрінің сөзі мұсылмандардың наразылығын тудырды
АСТАНА. 13 ақпан. ҚазАқпарат - Францияның Ішкі істер министрі Мануэль Вальс елдің 30 жылға созылған интеграциялық процестен ұтылғанын баяндайтын есепке қатысты өз пікірін білдірді. Министр франциялық мұсылмандарды жайына қалдыру жайлы пікірге үзілді-кесілді қарсы шықты. Оның айтуынша, Францияда «қоғамдық пікірді ластайтын» ислам туралы сөз қозғалмауы керек. Бұл жайында ajib.fr ақпарат порталы хабар таратты.

«Әйелдердің бас бостандығын шектейтін хиджабқа қарсы ел болып, күресуіміз керек», - деп мәлімдеді ол француздардың танымал телеарнасына берген сұхбатында.
Мuslim.kz сайтының жазуынша, бұған қоса, ол талай жылдан бері хиджабқа қатысты көзқарасының өзгермегенін айтқан. Сондай-ақ министр 2004 жылы француз мектептерінде діни нақыштағы киімдерді киіп жүруге, ал 2011 жылы ел аумағындағы қоғамдық орындарда ниқаб киюге тыйым салатын заңды жақтап, дауыс бергенін де жеткізді.
Министрдің бұл сөзі франциялық мұсылмандардың және осы елдегі ислам ұйымдарының наразылығын тудырды. Исламофобиямен күресетін белгілі франциялық ұйым министрді осы сөзі үшін айыптап, өз мәлімдемесінде «Франциядағы наным-сенім бостандығы үшін күресуге» шақырды.