Франция мен БАӘ Парсы шығанағындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке шақыруда
ӘБУ-ДӘБИ. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - «Болашақ энергетикасы дүниежүзілік саммиті» 6-шы жылсайынғы халықаралық конференциясы аясында Біріккен Араб Әмірліктеріне сапармен Франция президенті Франсуа Олланд келді.
«Болашақ энергетикасы дүниежүзілік саммиті» Әбу-Дәбиге әлемнің 150 елінен 30 мыңнан астам қатысушыны жинады. Саммит барысында жаһандық болашақ энергетикасы, су, қоршаған орта, жаңғырмалы энергия көздері және басқа да өзекті мәселелер бойынша саясаткерлер, іскерлік, ғылыми-сарапшылық орталар өкілдерінің арасында пікір алмасулар өтеді деп күтілуде.
Франция президенті Франсуа Олланд құрметті қонақтардың бірі болды, ол шараның ашылуына қатысып, БАӘ басшылығымен ресми кездесулер өткізді.
Сейсенбі күні «Аль Дияфа» резиденциясында БАӘ-нің президенті шейх Халиф бин Зайед Аль Нахайян Францияның басшысы Ф. Олладпен кездесті. Келіссіөздер барысында екі тарап та Парсы шығанағы өңірі мен Таяу Шығыстағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты одан әрі бекіту ісінде халықаралық қауымдастықтың қолғабыс етуінің қажеттілігін атап өтті. Бұл қадамдар халықаралық қарар аясында және егеменді мемлекетті сыйлау қағидалары және бейбітшілікті нығайту негізінде іске асырылуға бағытталған.