22:12, 02 Тамыз 2022 | GMT +5
Франция мен Португалияда орман өрті қайта өршіді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Францияның өрт сөндірушілері елдің оңтүстігіндегі Гар департаментіндегі өртті ауыздықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews.com сайтына сілтеме жасап.
Тілсіз жаумен арпалыс кезінде 9 өрт сөндіруші жапа шекті, оның біреуі қолы мен бетін күйдіріп алған. Өрт сөндіруші тікұшақпен ауруханаға жеткізілді.
Өрт Обе коммунасында басталып, 370 гектар орманды жалмаған.
Сондай-ақ, екі үй, екі қойма және көшпелі үй тәріздес автофургон түгі қалмай жанып кетті.
400-ден астам өрт сөндіруші әлі де осы өңірде қалып, өртті сөндіру жұмысын жүргізіп жатыр.
Ал Португалияда болса, жексенбі күні Лиссабоннан 40 км жерде орман ішінде жаңа өрт ошағы пайда болды. Оны сөндіруге 400-дей өрт сөндіруші, 5 ұшақ және тікұшақ тартылды. Алайда күн қатты ысып кетіп, қызыл жалынды ауыздықтау қиынға соғып тұр.
Фото: ru.euronews.com