Франция полициясы Париж шіркеуіне жасалмақ болған шабуылдың алдын алды

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Францияның құқық қорғау органдары париждік шіркеулерге шабуыл жасауды жоспарлады деген күдікпен ер адамды қамауға алды. Бұл туралы журналистерге Францияның ішкі істер министрі Бернар Казнев сәрсенбі күні мәлім етті.

Франция полициясы Париж шіркеуіне жасалмақ болған шабуылдың алдын алды

Казневтің сөзіне қарағанда, ол жексенбі күні ұсталған. Бұл адам жедел жәрдем қызметкерлерінің полицияға жасаған мәлімдемесі негізінде қамауға алынды. Қаруды абайсыз пайдаланған ер адам өзін жарақаттап алып, жедел жәрдем қызметкерлерін шақыртыпты.

Күдіктінің тұрғылықты жерін тінту барысында қарудың алуан түрі мен Париш шіркеулеріне шабуыл жасамақ болғандығын айғақтайтын өзге де дәлелдер табылды.

Сезікті 24 жастағы алжирлік студент екені хабарланды. Ол көп жылдан бері Францияда тұрып жатыр. Сондай-ақ, оның Сирияға бармақ болғаны белгілі.