Франция Президенті мен министрлері өз жалақыларының үштен бірін қысқартты

АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат - Франция Президенті Франсуа Олланд пен оның министрлері өз жалақыларының үштен бір бөлігін қысқартты.

Франция Президенті мен министрлері өз жалақыларының үштен бірін қысқартты

Мұндай шешімді жаңа Үкімет бірінші отырыс барысында қабылдады, деп хабарлайды РБК.

Жалақының жаңа нормалары уақыт күттірмей енгізіледі, деп хабарлады Әйелдер істері жөніндегі министр және Үкіметтің баспасөз қызметінің хатшысы Наджат Валло-Белкасем. Алайда, мұндай қадамды заңды мақұлдау үшін арнайы заң қажет.

Енді Ф.Олландтың жалақысы айына 15 мың еуроны құрайтын болады. Министрлер айына 9 940 еуро алмақ. Бұған дейін бұл сома 14 200 еуроны құраған. Премьер-министр Жан-Марк Эйроның жалақысы 14 910 еуроны құрайтын болады.

Салыстыру үшін айта керейік, Германия канцлерінің жалақысы 16 мамыр күні 5,7 пайызға, немесе 930 еуроға өсірілді. Бұған дейін Ангела Меркельдің базалық жалақысы айына 16 мың еуроны құраған болатын.