16:26, 01 Қараша 2017 | GMT +5
Францияда 2015 жылы енгізілген төтенше жағдай режимі тоқтатылды
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Францияда 1 қараша, сәрсенбі күні 2015 жылғы терактіден кейін енгізілген төтенше жағдай режимі тоқтатылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.
Франция 2015 жылғы 13 қарашада болған жан түршігерлік терактіден кейін төтенше жағдай режимін енгізген болатын. Содан бері оны 6 рет созған. Осы уақыт аралығында 4,4 мың рет тінту жұмыстары жүргізілген.
Төтенше жағдайлар режимі тоқтатылғанмен, ішкі қауіпсіздік және лаңкестікке қарсы күрес туралы жаңа заңға сәйкес, құқық қорғау органдарының лаңкестік және экстремизмге қарсы күрес саласындағы кеңейтілген өкілеттіктері өз күшінде қала бермек. Президент Эмманюэль Макрон дүйсенбі күні қол қойған заң тінту жүргізуге, діни ұйымдарды жабуға, сондай-ақ лаңкестермен байланысы болуы мүмкін күдіктілердің бір жерден екінші жерге көшуіне тыйым салуға құқық береді.