Францияда ата-анасы суретін ғаламторға жария еткені үшін баласы сотқа бере алады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Францияда баласынан рұқсат алмай олардың суретін жариялаған ата-ана бір жылға бас бостандығынан айырылады немесе 45 мың еуро айыппұл төлейді. Әлеуметтік желі пайдаланушыларын ел билігі осылай ескертті, деп хабарлайды The Telegraph басылымы.
Заңгерлердің айтуына қарағанда, бұл заң Францияда басқа адамның суретін оның рұқсатынсыз жариялайтындарға жаза белгілейді. Осылайша өсіп кеткен бала ата-анасын бірнеше жыл өткен соң да өзіне ұнамайтын суретін жария еткені үшін сотқа бере алады.
«Меніңше болашақта балалардың ата-анасына осы мәселеге қатысты жаппай қарсы болатын жағдайға жетеміз. Бұл олар өсіп, өзінің жеке өмірі кішкене кезінен бастап интернетке жария болып келгенін түсінген тұста басталады», - дейді Манчестер университетінің профессоры Никола Уиттон.
Бұған дейін Франция полициясы ата-аналарға балаларының суреттерін қауіпсіздік үшін жария етпеуді сұраған болатын.
Балаларының суретін жариялауға қатысты 2015 жылғы зерттеуде орташа алғанда еуропалық ата-ана бала 5 жасқа толғанға дейін жыл сайын 200 сурет жариялайды екен.
Фейсбук вице-президенті Джей Парих компанияның осы мәселеге қатысты жасаған баптауы туралы мәлімдеді. «Егер мен онлайнға балаларымның аулада ойнап жүрген суретін қойып бөліссем, онда жүйе: «Тоқтаңыз, бұл балаларыңызды суреті. Бұл суреттерді отбасы мүшелерімен ғана бөлісу керек. Сіз оны көпшілікке жария етуді жөн көріп отырсыз ба?», - деген ескерту шығуы керек дейді ол.