Францияда басшыларға жұмыстан кейін қызметкерлеріне қоңырау шалуға тыйым салынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Францияда жұмыс берушілерге жұмыстан тыс уақытта қол астындағы қызметкерлеріне телефон шалуға тыйым салынды. Француздық жұмыс берушілер федерациясы мен кәсіподақтар ұйымы қол қойған келісімге сәйкес, бұдан былай басшылар аптасына 133 сағат бойы (жұмыс уақыты - 35 сағаттан басқа) жұмыскерлеріне хабарласпайтын болады, деп хабарлайды Ресей жаңалықтар агенттігі.
Әсіресе, аталмыш заң ақпараттық технологиялар мен консалтингтік қызметтер көрсететін компанияларға қатысты. Оның ішінде Google мен Facebook әлеуметтік желілерінің француздық кеңселерінің қызметкерлеріне тікелей қатысы бар. Аталмыш компаниялардың қызметкерлері кешкі сағат 18.00-ден соң жұмыс телефондарын сөндіріп қойып, ал басшылары оларды жұмыстан тыс электрондық пошталарын тексеруге міндеттемеуге кепілдік беруі керек.
Айта кетерлігі, француздар жұмыс мәселесі мен ондағы тәртіпке қатаң қарайды. Олардың жыл сайын ақылы алты апталық демалыс пен денсаулық күтіміне байланысты үзіліс алуға құқығы бар. Сондай-ақ Франсуа Олландтың Социалистік партиясы билікке келісімен елде аптасына 35 сағат жұмыс істеу тәртібі бекітіліп, зейнетке шығу жасы қысқартылған болатын.