Францияда көпқабатты үйде болған өрттен 10 адам көз жұмды
ЛИОН. ҚазАқпарат – Жұмаға қараған түні Францияның Лион қаласы маңында көппәтерлі үйде болған өрт салдарынан он адам көз жұмды. Оның бесеуі – балалар, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.
Тағы төрт адамның жағдайы ауыр, он адам жеңіл жарақат алды.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, билік Волькс-ан-Велин коммунасындағы жеті қабатты көппәтерлі үйде түнгі сағат үштен кейін алапат өрт шыққаны туралы мәлімдеме таратқан.
Оны 180-ге жуық өрт сөндіруші өшірген.
Францияның Ішкі істер министрі Жеральд Дарманен өрттің себебі әлі белгісіз екенін айтты.
Ол «өте қиын жағдайда» адамдарды құтқарған өрт сөндірушілердің жұмысын жоғары бағалады.
Оның айтуынша, көз жұмған балалардың жасы үш жастан 15 жасқа дейін болған. Өрттің себептерін анықтайтын тексеру жұмыстары жұма күні басталады.
«Бірнеше нұсқа бар, тергеу басталады» - деді министр.
Ол сондай-ақ өрт жайында президент Эммануэль Макронмен де байланысқа шыққанын айтты.
Фото: bbc.com/r