Францияда мүгедектерге арналған демалыс үйі өртенді, 11 адамның қаза болғаны айтылуда

АСТАНА. ҚазАқпарат – Францияда мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған демалыс үйінен өрт шығып, болжам бойынша 11 адам қаза болды. Бұл туралы ҚазАқпарат Еuronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Францияда мүгедектерге арналған демалыс үйі өртенді, 11 адамның қаза болғаны айтылуда
Фото: pexels.com

Франция билігі өрттен 11 ересек адам «көз жұмған болуы мүмкін» деп мәлімдеді.

Елдің ішкі істер министрі Жеральд Дарманен Twitter-де бүгін таңертең Германия шекарасына жақын орналасқан Винценхайм шағын қаласындағы мүгедектерге арналған мекемеде өрт шыққанын жазды.

«Өкінішке қарай, қаза болғандар бар», - деді ол.

Жоғарғы Рейн аймағының жергілікті әкімшілігі өрт Винценхаймдағы мүмкіндігі шектеулі жандар демалатын жеке үйде таңғы сағат 6:30-да басталғанын мәлім етті. 17 адам эвакуацияланды, 1 адам ауруханаға жеткізілді.

Оқиға орнына Францияның премьер-министрі Элизабет Борн шықты.