Францияда сайлау алды тыныштық күні орнады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенбі күні Францияда дауыс беруге бір күн қалғанда тыныштық күні орнады. Осы сәттен бастап президенттікке үміткерлердің үгіт-насихат науқанын жүргізулеріне, ал бұқаралық ақпарат құралдарына - француздық дауыс берушілердің пікіріне әсер ететін материалдар жариялауына тыйым салынды, деп хабарлайды newsru.com .
Қоғамдық пікір сауалнамасына сәйкес, президенттік сайлауда «Алға!» қозғалысының көшбасшысы, бұрынғы экономика министрі Эмманюэль Макрон халықтың сүйіктісі болып шықты. Оған сайлаушылардың 23 пайызы дауыс беруге дайын отыр. Ол 39-да ең жас үміткер.
Бейсенбі күні кешкісін өткен президенттікке үміткерлердің соңғы телесайысы барысында Макрон «терактінің алдағы жылдары француздардың күнделікті өмірінің бір бөлігі болып қала беретіндігін» мәлімдеді. Сондықтан, Франция терроризмге қарсы елдің аумағында да, оның сыртында да күш біріктіріп, күреседі. Макрон 2022 жылға дейін жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, ең төменгі зейнетақы мен жәрдемақыны көтеруге уәде етті.
«Ұлттық фронт» көшбасшысы Марин Ле Пен де Макронмен қатар келе жатыр. Бірінші кезеңде оған сайлаушылардың 22 проценті дауыс беруге дайын болды. Осы екі үміткер екінші кезеңге өтеді деп болжануда.
Телесайыста Ле Пен «француздарға төрт маңызды мәселені: шекараны күзетуді, заң қабылдауда бақылауды, ел экономикасын бақылауды, ұлттық валютаны қайтаруға» уәде берді.
Француз саясаттанушысы Бернар Сананес сұхбатында, «Республикашыл» Франсуа Фийона мен «Бағынбайтын Франция» қозғалысының көшбасшысы Жан-Люк Меланшонның екінші кезеңге өту мүмкіншілігі жоғары екендігін айтты. Соңғы сауалнамаға сәйкес, оларға сайлаушылардың 20%-ы және 19%-ы дауыс берген.