08:05, 30 Қазан 2015 | GMT +5
Францияда тағам құрамын анықтайтын халал-тестер ойлап табылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Capital Biotech компаниясының кәсіпкерлері Абдеррахман Чаои мен Жан Франсуа Жюльен азық-түлік өнімінің құрамын анықтайтын жаңа тәсіл ойлап тапты, деп хабарланған «Нұр Астана» мешітінің сайтында.
Аталмыш құрал өнімнің құрамында доңыз еті мен алкогольді заттардың бар-жоғын анықтай алады. Құрал құрамындағы таяқшаны тексерілетін өнім мен жылы су құйылған ыдысқа салып, бірнеше минут күтесіз. Нәтижесінде таяқшада 1 жолақ сызық пайда болса, азықтың құрамы таза деген сөз. Ал екі жолақ шықса, бұл тағам халал болмағаны. Енді мұсылман кәсіпкерлер бұл аппаратты мұнан әрі жетілдіріп, сойылған малдың еті ислам шариғатына сай сойылды ма, әлде тоқпен соғу секілді зиянды әдістерді пайдаланды ма, осы жағын анықтауды көздеп отыр. Француз басылымдары Capital Biotech кәсіпорнының болашағы зор екенін жарыса жазуда. Себебі, уақыт өте Еуропа кеңістігінде мұсылмандардың көбеюі халал өнімге деген сұраныстың артуына алып келмек.