Францияда жаппай тәртіпсіздік тоқтады ма
ПАРИЖ. ҚазАқпарат – Франция Ішкі істер министрлігі республика аумағында тәртіпсіздіктер тоқтағанын тіркеді. Бұл туралы ведомство басшысы Жеральд Дарманен Парламенттің жоғарғы палатасының сайтында көрсетілген Сенат тыңдалымында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
«Біз Франция аумағында тыныштық орнағанын тіркедік», - деді Дарманен. Сондай-ақ, ол ІІМ бұрынғыша жоғары мобилизация режимінде екенін атап өтті.
«Жақын күндері жағдай қалай боларын мұқият бақылап отыру керек», - деп есептейді Дарманен.
Франция Премьер-министрі Элизабет Борн жағдай тұрақтала бастағанын айтты.
«Жағдай біртіндеп қалпына келіп жатыр», - деді Борн Сенатта сөйлеген сөзі кезінде. Ол сенаторларды елдегі тыныштықты қалпына келтіру шараларынан хабардар етті.
Бұған дейін жағдайдың тұрақталғанын және кешкі уақытта көлік қозғалысына қойылған шектеу алынғанын Twitter-де көлікке жауап беретін министр-делегат Клеман Бон мәлімдеген болатын.
27 маусымнан 28-іне қараған түні Нантере мен Париж маңындағы басқа да қалаларда жастардың полициямен қақтығысы басталды. Наразылыққа шыққандар полицияны шектен тыс күш қолданды және қызметін асыра пайдаланды деп айыптады. Демалыс күндері наразылық Францияның басқа да қалалары – Марсель, Лион, Страсбургте жалғасты. Бұдан бөлек қақтығыстар көршілес Бельгия мен Швейцарияда да болды.
Еске салсақ, Францияда жасөспірім өлімінен кейінгі ереуілде ұсталғандар саны 421 жеткен болатын. Мұнан соң 470-тен астам адам ұсталғаны туралы айтылды.