Францияда жеңілдікпен сатылатын шоколадқа талас төбелеске ұласты

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Францияда Nutella шоколадты пастасына қойылған 70% жеңілдік супермаркеттерде төбелестерге әкеп соқтырды, деп хабарайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.

Францияда жеңілдікпен сатылатын шоколадқа талас төбелеске ұласты

Жеңілдікті Intermarché супермаркеттер желісі жариялады. Бейсенбіде басталған акция сенбіге дейін жалғасуы керек. Жай күнде 4,50 еуро тұратын 960 грамдық Nutella құтысының 1,40 еуродан сатылуы супермаркетке адамдардың тұс-тұстан ағылып келуіне себеп болды.

Кейбір дүкендерде дүрліккен адамдар тіпті төбелесуге дейін барған. Жекелеген БАҚ өкілдері болған оқиғаларды «тәртіпсіздіктер» деп бағалады.

Nutella шығаратын Италияның Ferrero компаниясы бұл жолғы жеңілдіктен қалыс қалды.

«Айта кетелік, бұл акцияны Intermarché компаниясы біржақты тәртіппен қабылдады. Клиенттерді шатастырып, олардың ашуына тиюі мүмкін жағдайға сын айтамыз», - дейді компаниядағылар.