Францияда жол апаты салдарынан миллиондаған ара өз балына батып кеткен
АСТАНА. ҚазАқпарат - Францияның оңтүстігінде орын алған жол апаты салдарынан миллионнан астам ара қырылып қалды. Бұл туралы The Local хабарлайды.
Әрқайсысында 20 мыңға жуық ара болған ұяшықтарды тасымалдап келе жатқан жүк көлігі Соснак қаласының маңында жеңіл көлікпен соқтығысқан. Соққы салдарынан ұяшықтар сынып, аралардың көбі өз балына батып қырылып қалған. Тірі қалған ондаған мың ара оқиға орнына келіп жеткен полицейлер мен құтқарушыларға шабуылдады. Алдын ала мәліметтер бойынша, апаттан келтірілген шығын сомасы 7 мыңнан астам еуроны құраған. Айта кетейік, Франция еуропалық омарта шаруашылығы орталықтарының бірі болып табылады. Алдын ала бағалау бойынша, елде 69 мыңнан астам омарташы бар. Негізгі бал өндірісі климаты омарташылықпен жыл бойы айналысуға мүмкіндік беретін елдің оңтүстік-батысында - Жерорта теңізінің жағалауында жақсы дамыған.