Франциядағы наразылық шеруі: Қала көшелерінде тәртіп орнату үшін 40 мың полиция қызметкері жұмылдырылады
ПАРИЖ. ҚазАқпарат - Жасөспірімнің өлімінен соң наразылық шерулері өтіп жатқан Франция қалаларына тәртіп орнату үшін 40 мың полиция қызметкері жөнелтіледі. Бұл туралы елдің ішкі істер министрі Жеральд Дарманен 29 маусым, бейсенбі күні мәлімдеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.
Париж бен оның шеткі аумағында 5000 полиция қызметкері көше тәртібін қадағалайды.
Елдің бас шаһарында автобус жергілікті уақытпен кешкі 21:00-де жұмысын тоқтататын болды. Билік мұны қоғамдық көліктің жұмысына жауапты кәсіпорындар мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін істеп отырғанын айтты.
Кламардағы коменданттық сағат
Ел астанасынан оңтүстік -батысқа қарай 10 км қашықтықта орналасқан Кламар қаласында коменданттық сағат енгізілді. Ол 29 маусым мен 3 шілде аралығында 21:00-ден таңғы 06:00-ге дейін күшінде болады.
Жаппа йтәртіпсіздік бұл елдімекенді де айналып өтпеді, өткен түнде мұнда трамвай өртелді.
150 адам ұсталды
Наразылық Нантер қаласында 17 жастағы жасөспірім көлік жүргізіп келе жатып, тәртіп сақшыларының тоқта деген бұйрығын елемеген соң, полиция қызметкерлері оны атып өлтіруінен кейін туған.
Оқиға орнына жедел жеткен дәрігерлер жасөспірімнің өмірін құтқарып қала алмады. Құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеуді бастап кетті.