Франциядағы саммитте Еуропаның ресейлік мұнай-газдан бас тарту мәселесі талқыланады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуропалық Одақтың мемлекет және үкімет басшылары Ресейдің энергетикалық ресурстарына тәуелділігін азайту үшін ресейлік мұнай, газ және көмірді сатып алудан біртіндеп бас тартуға ниетті. Бұл туралы Версальдағы Еуроодақ саммитінің декларациясының жобасында айтылған. Құжаттың үзінділерін Reuters агенттігі жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тұрақсыздық, стратегиялық бәсекелестік және қауіпсіздік қатерлерінің артуына байланысты біз өз қауіпсіздігіміз үшін жауапкершілікті арттыру, еуропа елдерінің бірлігін нығайту, Ресейдің мұнай-газына тәуелділікті төмендету жолында сенімді қадам басуды, 2030 жылы жаңа өсім, инвестиция моделін әзірлеуге шешім қабылдадық» - делінген қорытынды құжат жобасында.
Еске салсақ, АҚШ Президент әкімшілігі ресейлік энергия тасымалдаушылардың импортына тыйым салған болатын. Ол тыйымға Ресей мұнайы мен газы, көмірі кірді.