Франциядағы жағдай күрделеніп келеді
АСТАНА. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат - Франция Президенті елдегі зейнетақы жасын екі жылға көтеру реформасынан бас тартпай отыр, деп жазады РБК Daily апталығы.
Айта кету керек, ел халқының үштен екісі президенттің ұстанымына наразылық білдіруде. Соған қарамастан, Саркози зейнетақы реформасын жүргізуде өз дегенінен қайтпақ емес. Осымен екінші аптаға созылып отырған ереуілдер де оны толғандырып отырған жоқ.
Франциядағы наразылық шаралары жалпыұлттық мазмұнға ие болып отыр. Елдегі ереуілдердің салдарынан мұнай өңдеу зауыттары жұмыс істемей тұр. Оған қоса үлкен жүк көліктерінің жүргізушілері де жұмысқа шығудан бас тартып, соның салдарынан әуежайлар мен май құю стансаларына отын жеткізілмей қалды. Осы себепті елде муниципалдық көлік жұмыс істемей тұр, оған қоса ішкі және халықаралық әуеқатынастарында да үзілістер орын алуда. Мысалы, Орли әуежайында рейстердің тең жартысы кейінге қалдырылса, қалған әуежайларда - рейстердің үштен бірі кешіктірілуде. Қалалардан қоқыстар шығарылмағалы неше күн болды. Теміржол қозғалысы да оқтын-оқтын тоқтап қалуда.
Бірақ мұның барлығы Саркозиді толғандырып отырған жоқ. Дүйсенбі күні ол елдегі қалыпты тіршілікті қамтамасыз ету үшін дағдарысқа қарсы штаб жасақтады. Және отын жеткізілімін реттеуге полицияны жұмылдыруға уәде беріп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, француздар зейнетақы реформасының зейнет жасын қазіргі 60 жастан 62 жасқа дейін көтеру туралы бабына келіспей отыр.