Франциялық бойжеткен «Әлем аруы» байқауының жеңімпазы атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Филиппин астанасы Манила қаласында «Әлем аруы» байқауының ақтық сайысы аяқталды.

Франциялық бойжеткен  «Әлем аруы» байқауының жеңімпазы атанды

Франциядан келген 23 жастағы Ирис Миттенер «Әлем аруы» атағына лайық деп танылды. Ол туралы әзірге Францияның солтүстігінде туғаны, тіс дәрігері мамандығы бойынша оқып жатқаны және дәмі тіл үйірер тағамдар дайындайтыны ғана белгілі.
 

Үздік үштікке Колумбия мен Гаити қыздары енді.
 

Еске сала кетсек, байқауға Қазақстан атынан 19 жастағы қазақстандық Дарина Құлсейітова қатысты. Ол Семей қаласында туған және қазір Р.Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжінің үшінші курс студенті.
 

Беделді сұлулық байқауына киіп шыққан көйлектерді қазақстандық танымал дизайнерлер Наиль Байкүшіков пен Аида Кауменова тікті. Дарина ТОП-10 сұлудың қатарына енбей қалды.

Қазақстандық қатысушы бірнеше образда сахнаға шықты. Ең есте қалғаны - кешкі көйлек пен ұлттық костюм.

«Әлем аруы» халықаралық байқауы осымен 65-рет өтіп отыр. 12 қаңтар күні Манилада басталған бәсекеде 86 ару бақ сынады.