Францияның босқындар лагерінен шу шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Франция солтүстігіндегі Дюнкерк қаласы маңында орналасқан босқындар лагерінде тәртіпсіздіктер орын алды. ТЖ салдарынан зардап шеккендер бар, деп хабарлады ТАС агенттігі Le Figaro газетіне сілтеме жасап.
Лагерьде Ла-Манш бұғазы арқылы Ұлыбританияға жетуді армандайтын мың жарымға жуық ауғандықтар мен күрдтер өмір сүруде. Алдын ала болжам бойынша, жанжал түрлі этникалық топтар арасында туындаған. Оны тоқтату үшін полицияның араласуына тура келді.
Тәртіп сақшылары ойран салушыларға қарсы көзді жасаурататын газ бен таяқ қолданған. Қақтығыстан ең кемі алты адамның жараланғаны хабарланды.