Францияның бюджет мәселелері бойынша бұрынғы министрі өз әрекетімен республикаға опасыздық жасап отыр - Ф.Олланд

ПАРИЖ. 3 сәуір. ҚазАқпарат - Франция Президенті Франсуа Олланд елдің бюджет мәселелері бойынша бұрынғы министрі Жером Каюзак өз әрекетімен республикаға опасыздық жасап отыр, деп мәлімдеді.

Францияның бюджет мәселелері бойынша бұрынғы министрі өз әрекетімен республикаға опасыздық жасап отыр - Ф.Олланд

Бұл туралы Франция Презиендті бүгін өзінің ұлтқа жолдаған бейне-үндеуінде айтты.

«Ж.Каюзак кінәсіздік презумпциясынан басқа ешқандай қорғау алған жоқ және ол сот ақпараты белгілі болған бетте үкіметтен менің сұрауым бойынша кетті», - деді Ф.Олланд.

Оның айтуынша, министр Ж.Каюзак кешірілмес қате жасаған және Францияға опасыздық жасаған. Сонымен бірге, Франция басшысы барлық жемқорлық үшін сотталғандарға мемлекеттік лауазымдар атқаруға тыйым салынатын болады, әрі таяу арада тиісті заң жобалары дайындалады деп жеткізді.

«Mediapart» ақпараттық порталы UBS швейцар банкінде министрдің құпия шоты болғандығы, шоттан қаражаттар Сингапурға аударылғандығы туралы хабарлағаннан кейін 2013 жылдың басында Ж. Каюзакқа қатысты тергеу басталды. Наурыз айында министр қызметтен кету туралы өтініш берді.

Соңғы уақытқа дейін министр осындай шоттың болуы туралы мәліметті теріске шығарып келді, алайда, аудиожазбаның пайда болуы оның сөздеріне күдік туғызды, осыдан кейін Париж прокуратурасы ақша жымқыру және салық төлеуден жалтару бойынша іс қозғады.

Үстіміздегі жылдың 2 сәуірінде Францияның бюджет мәселелері бойынша министрі Швейцарияда 600 мың еуро сомасында шоты бар екендігін мойындады. Ж. Каюзак Францияның бюджет мәселелері бойынша министрі қызметін 2012 жылдың 16 наурызынан бастап атқарған.