Францияның экономика және қаржы министрі Қазақстанға келді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Францияның экономика және қаржы министрі Брюно Ле Мэр елордаға іссапармен келді. Бұл – оның Орталық Азияға алғашқы сапары, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Іссапардың негізгі мақсаты – Қазақстанмен жаңа серіктестік қарым-қатынастар орнатып, ынтымақтастықты нығайту.

«Бізде ядролық салада, ұшақ шығаруда (Airbus), құжаттама қауіпсіздігі, энергетика (Total) саласында ынтымақтастық орнатылған. Барлық жобаларымыздың сәтті жүзеге асқанын қалаймыз», - деді Франция министрі астанадағы «Электровоз құрастыру зауытында» тілшілерге берген сұхбатында.

Министр теміржол көлігіне жүйелер мен құрал-жабдықтар шығаратын франциялық Alstom компаниясының Нұр-Сұлтандағы жұмысымен танысты.


«Бұл зауыт Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың айғағы іспеттес. Темір жолды дамыту саласындағы серіктестік біздің еліміз үшін маңызды стратегиялық бағыт болып саналады. Мен үшін Әзербайжанға экспортқа бағытталған локомотивтің салтанатты ашылуына қатысу – үлкен ғанибет. Екі ел арасындағы теміржол саласындағы серіктестік қарым-қатынасты жалғастырамыз. Атап айтқанда, жолаушылар және жүк локомотивтерін өндіру және сигнализация салаларында. Дабыл қағу бойынша біз үшін маңызды жобалар бар. Alstom компаниясының Қазақстанның темір жол вокзалдарын дабыл қағу жүйесімен жабдықтауын қалаймыз», - деді ол.
Сапар барысында Францияның экономика және қаржы министрі Брюно Ле Мэр «Электровоз құрастыру зауытының» өндірістік бөліктерімен танысты. Оған Әзербайжан темір жолымен келісімшарт аясында әзірленген №Z8A0008 локомотивін көрсетті. Аталған келісімшартқа сәйкес, Әзербайжанға 50 локомотив құрастырылмақ.


Бүгін Франция министрі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен, ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминмен және ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбекпен кездеседі.



«Теміржол саласынан бөлек, Қазақстан – Францияның
стратегиялық әріптесі. Қазақстан үшін Франция – Еуропаға енудегі сенімді
серіктес. Францияда жаңа дамыған технологиялар бар, өнеркәсіп саласы жақсы
дамыған. Сондықтан, Франция Қазақстанмен ынтымақтастық орнатқысы келеді. Сәлден
соң, Қазақстан Республикасының Президентімен және Премьер-Министрімен кездесемін. Онда ҚР Тұңғыш Президенті
Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсындағы тығыз әріптестікті еске салсам деймін. Және тағы қандай бағыттарда ынтымақтастықты
дамыта аламыз, соны талқылағым келеді», - деді Брюно Ле Мэр.

