Францияның «Mezzo» классикалық музыка телеарнасы «Астана Опера» театрының әлемдік премьерасын көрсетеді
АСТАНА. 18 қазан. ҚазАқпарат - Классикалық музыкаға арналған «Mezzo» француз телеарнасы «Астана Опера» театрының әлемдік премьерасын өз эфирінен көрсетпек.
«Mezzo телеарнасы «Астана Операның» әлемдік премьерасын және гала-концертті түсірмек. Астанамызға әлемнің 25 елінен шетелдік қонақтар, сондай-ақ, бүкіл әлемнен музыка сыншылары келеді деп күтілуде. Мәртебелі меймандар арасында корольдік отбасылардың мүшелері, ханшайымдар мен маркиздер де бар, олар біздің жаңа театрымызға және жаңа қойылымға қызығушылық танытып отыр», - деп атап өтті Т. Мұхамеджанов Астанада өткен баспасөз мәслихаты барысында.
Естеріңізге сала кетейік, «Астана Опера» театрының Әлемдік тұсаукесеріне орай төрт кеш өтеді. Басты кеш - 2013 жылдың 21 қазаны - Дж. Вердидің «Аттила» операсының тұсаукесері болмақ. Көрермен назарына ұсынылатын опералық спектакльді дайындауға аттары әлемге әйгілі шеберлер шақырылды. Қоюшы режиссері, сценографы, костюм жөніндегі суретшісі - әлемге белгілі итальяндық шебер, Францияның Құрметті Легионы Орденінің иегері Пьер Луиджи Пицци.
«Mezzo» телеарнасы «Астана Опера» театрының әлемдік премьерасын спектакльді монтаждап болған соң желтоқсан айына қарай көрсетеді. Француздық телеарнаның түсіру тобы 15 адамнан тұрады.