Француз кәсіпкерлеріне «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының мүмкіндіктері таныстырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Дарын Тұяқов қазақстандық-француздық форум барысында шетелдік кәсіпкерлерге «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының мүмкіндіктері туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Француз кәсіпкерлеріне «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының мүмкіндіктері таныстырылды

Болжам бойынша, 2025 жылға дейін цифрландырудың тиімділігі 1,7-ден 2,1 трлн теңгеге дейін болатыны күтіліп отыр.

«Біз жұмысты бес бағыт бойынша шоғырландырдық. Нақтырақ айтқанда, экономика салаларын цифрландыру, цифрлы мемлекет, Digital Silk Way, адами капиталды дамыту және инновациялық экожүйені құру бағыттарына маңыз беріп отырмыз. Бірінші бағыт аясында еңбек өнімділігі тау-металлургиялық кешенде 38,9 пайызға, ал өңдеу өнеркәсібінде 49,8 пайызға артады деп күтіліп отыр», - дейді Дарын Тұяқов.

Оның айтуынша, цифрлы трансформация жаңа бизнес-процестердің қалыптасуына жол ашады.

«Компьютер мен мобильді қосымша арқылы қол жетімді болатын ашық цифрлы алаң іске қосылды. Ол бизнеске мемлекеттік қолдау тетіктеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, Еуразиялық экономикалық комиссияның бес мемлекетінде аталмыш жоба өзінің жалғасын тауып, бизнеске өзара қарым-қатынас жасауға және бес мемлекеттің мүмкіндігін пайдалануға серпін береді», - дейді вице-министр.

Дарын Тұяқов өз сөзінде француздық әріптестерге бағдарламаның Digital Silk Way атты үшінші бағытын жүзеге асыруда ауылдар үшін оптоталшықтар жасалып жатқанын тілге тиек етті.

«Бүгінгі күні Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Транстелеком» компаниялары арасында жаңа келісімге қол қойылды. Ол 1249 ауылға (бұл жалпы алғанда 3 700 мемлекеттік орган бөлімшесіне) инфрақұрылымды жеткізуге мүмкіндік береді. Біз 20 мың шақырымдық оптиканы ауылдарға жеткізіп, бұл қадам қалалар мен ауылдар арасындағы алшақтықты жоюға көмегін тигізеді», - дейді ол.

Еске сала кетсек, Францияның Қазақстандағы Елшісі Филипп Мартинэ бүгінгі «Цифрлық экономика» форумында цифрландыру жобалары бойынша француз кәсіпорындары Қазақстанда жұмыс істеуге дайын екенін айтқан болатын.