Француз журналы Франсуа Олландты әйелінің көзіне шөп салды деп айыптауда
АСТАНА. 10 қаңтар. ҚазАқпарат - Француздық Closer журналы ел президенті Франсуа Олландты өзінің азаматтық некедегі әйелінің көзіне шөп салды деп айыптап отыр. Редакция өзінің 10 қаңтарда шығатын баспа нұсқасында мемлекет басшысының белгілі актриса Жюли Гайемен (Julie Gayet) қарым-қатынасын дәлелдейтін суреттерді басатынын мәлімдеген.
Бұл туралы француздіқ БАҚ-қа сілтеме жасап, lenta.ru хабарлап отыр.
Басылымның мәліметтерінше, Франция президенті скутермен бүкіл Парижді басып өтіп, көңілдесі тұратын үйге жиі барады екен. Тіпті ол сол үйде түнеуге де қалатын көрінеді. Осындай сапары кезінде президентті тек бір ғана оққағар күзететін болып шықты. Бұл оның өміріне қауіп төндіретіні даусыз.
Франсуа Олланд болса, Agence France-Presse-ке хабарлағандай, Closer журналын сотқа бермек ниетте екен. Мемлекет басшысының ойынша, мұндай материалдарды жариялау оның жеке өміріне қол сұғушылық болып табылады.
Қазір 41 жастағы Жюли Гайе Францияда 50-ден астам фильмге түскен танымал актриса.
Айта кету керек, ресми түрде Францияның бірінші ханымы 49 жастағы журналист әйел Валери Триервейлер болып саналады. Ол екеуінің көңілдері Ф. Олланд президент болғаннан бірнеше жыл бұрын қосылған болатын. Бұған дейін қазіргі президент Сеголен Руаяль есімді 4 баласының анасымен 25 жылдай азаматтық некеде тұрған.
Agence France-Presse-тің атап өтуінше, Францияның көптеген президенттерінің өз кезінде көңілдестері болған. Солардың қатарында Жак Ширак, Франсуа Миттеран және Валери Жискар д'Эстендер бар. Дегенмен, француздар басшыларының мұндай «еркеліктеріне» әрдайым салқынқандылықпен қарап келген. Олардың көңілдестерінің болуы саяси аренадағы рейтингтеріне еш әсер етпеген.