Француздар Түркістанда инвестициялық жобаларды іске асыруға ниетті

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков Францияның Алматы қаласындағы Бас консулы Алексис Шахтахтинскиймен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Облыс басшысының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыс пен инвестициялық ынтамақтастықты арттыру жайын талқылады.

Кездесуде облыс әкімінің орынбасары қонақтарды өңірдің экономикалық әлеуетімен таныстырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

«Облыста инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мейлінше жағдай жасалған. Сондай-ақ 2 млн тұрғыны бар Түркістан өңірі Қазақстандағы халқы ең тығыз орналасқан облысқа жатады. Мұндағы ауыл шаруашылығы саласы аймақтық экономиканың драйверіне айналған деп айтуға болады. Атап айтсақ, жылына 1 млн тонна бақша өнімдері жиналады. Республикадағы жылыжайлардың 90 пайыз үлесі біздің облысқа тиесілі. Елдегі мақтаның 100 пайызы бізде өсіріледі. Одан бөлек, туризм саласын дамытуға мол мүмкіндіктер бар. Міне, осы бағыттар бойынша ортақ жобаларды іске асыруға шақырамыз», - деді Е.Тасжүреков.

Өз кезегінде Алексис Шахтахтинский айтылған ұсыныстарды қабыл алып, алдағы уақытта бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.

Айта кетейік, Қазақстан мен Франция арасындағы дипломатиялық қарым - қатынас ең алғаш 1992 жылы орнаған. Нәтижесінде қос елде елшіліктер ашылып, экономикалық байланыс нығая түсті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, елдер арасындағы тауар айналым 3,11 млрд АҚШ долларын құраған.

 

Соңғы жаңалықтар