Француздар жалпыұлттық ереуілге дайындалып жатыр

None
ПАРИЖ. ҚазАқпарат – Кәсіподақтардың үндеуімен және солшыл партиялардың қолдауымен 19 қаңтар күні Франция көшелеріне ондаған мың адам зейнет реформасына қарсы ереуілге шығады. Бұл туралы ҚазАқпарат Еuronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Марсельде акциялар мерзімінен бұрын басталды: жүздеген демонстрант үкімет ұсынған өзгерістерді қабылдамайтынын мәлімдеп, қаланың ортасымен жүріп өтті.

Реформаның негізгі бөлігі – зейнет жасын 62-ден 64-ке көтеру. Биліктің есептеуінше, бұл қазынаға жыл сайын 10 миллиард еуро түсіруге көмектеседі, ал ол қаржы әлеуметтік қолдау шығынын арттыруға мүмкіндік береді. Министрлер кабинетінің айтуынша, басқа амал жоқ.
«Фактілер бәрімізге белгілі. Жұмыс істейтіндер саны зейнеткерлер санынан азайып бара жатыр. 2005 жылы әр зейнеткерге жұмыс істейтін екі адамнан келді. Бүгін олардың саны – 1,7, ал ертең 1,5 болады. Сол себепті зейнет жүйесінің теңгерімін қалпына келтіруіміз керек», - деп атап өтті Франция премьер-министрі Элизабет Борн.
Ереуіл салдарынан көлік қозғалысында күрделі мәселелер туындап жатыр. SNCF ұлттық теміржол тасымалдаушысының мәліметінше, 18 қаңтардың кешінен басталған пойыз қатынасындағы іркілістер 20 қаңтар таңға дейін жалғасады.
Фото: ru.euronews.com


Соңғы жаңалықтар