Франсуа Олланд Франциядағы президент сайлауына қатысудан бас тартты
ПАРИЖ. ҚазАқпарат - Франция президенті Франсуа Олланд осы елде 2017 жылы өтетін президент сайлауында өзінің кандидатурасын ұсынбайтын болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-нің тілшісі.
«Мен алдағы болатын президент сайлауына қатыспаймын деп шештім»,-деді Олланд Елисей алаңынан берілген тікелей эфирде.
Ол сөзінде өзінің кандидатурасын ұсынатын болса, Франциядағы солшыл күштердің бірлігіне қауіп туатынын айтты.
«Әлем, Еуропа мен Франция менің мандатым кезінде үлкен проблемалармен бетпе бет келді. Осындай қиын-қыстау күндерде мен ұлттың бірлігін сақтап қалғым келді»,-деді ол.
Олланд сонымен қатар президент болған кезінде өзін алаңдатқан бірінші кезектегі мәселе «елдің жоғары мүддесі» болғандығын атап өтті.
Өзінің баяндамасында Франция президенті қызметінің басты қорытындылары туралы айтып, Марин Ле Пен басқаратын «Ұлттық майданның» әсіреоңшылдары тарапынан туындайтын қауіп туралы ескертті. Соған қарамастан ол соңғы айларда атқаратын басты міндеті - 2012 жылы өзіне сеніп тапсырылған мандаты негізінде елді басқару жұмыстары болатынын айтты.
Осылайша, Франсуа Олланд қазіргі Франция тарихында екінші мәрте сайлануға ұмтылмаған тұңғыш президент болмақ.