Франсуа Олланд: Ниццадағы лаңкестік кесірінен 50 адам өмір мен өлім арасында жатыр
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Ниццадағы лаңкестік кесірінен тағы 50 адам өмір мен өлім арасында жатыр. Бұл жайында Ниццадағы террористі ұстау операциясына қатысқан қауіпсіздік қызметі қызметкерлерімен кездесуде Франция Президенті Франсуа Олланд мәлімдеді.
Франция басшысының айтуынша, 84 адам қаза тапты және дәрігерлер жан сақтау бөліміндегі 50 адамның өмірі үшін күресуде.
«Дәрігерлердің көмегіне мұқтаж тағы 50 адам бар. Олар өмір мен өлім арасында жатыр. Құрбандар арасында франциялық азаматтар және жан-жақтан қыдырып келген шетелдіктер бар. Өз отбасымен отшашуды көруге келген кішкентай балалар да бар», - деді Олланд.
Франция Президенті атап өткендей, қазір құқық қорғау органдары қылмыскердің сыбайластары болған-болмағанын анықтап жатыр.
Франсуа Олланд қауіпсіздің күштерінің ерлігін ерекше атап өтті. Ол полицияның «Францияның мақтанышы» екенін айтты және Ниццаның құтқару қызметі, өрт сөндірушілері және медицина қызметкерлеріне алғыс білдірді.
«Барша әлем тілекші болып, бізге қарап отыр. Бүкіл әлем бізді ойлауда», - деп атап өтті Ф.Олланд.