Франция Абу-Дабидегі келіссөздерге Еуропа елдері де қатысатынын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM — Францияны қоса алғанда, Еуропа елдерінің өкілдері Абу-Дабиде өтетін Ресей, АҚШ және Украина арасындағы үшжақты келіссөздерге қатысады. Бұл туралы Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.

Франция Абу-Дабидегі келіссөздерге Еуропа елдері де қатысатынын мәлімдеді
Фото: Oxu.az

Франция сыртқы саясат ведомствосының басшысы Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеу мәселелері талқыланатын кездесуге Еуропа өкілдері де қатысатынын айтты.

– Еуропалықтар, соның ішінде Франция өкілдері де осы талқылауға қатысу үшін Абу-Дабиде болады, – деді Барро RTL радиостанциясының эфирінде.

Алайда министр кездесуге Еуропаның нақты қай елдерінің өкілдері келетінін және олардың келіссөздерге қандай форматта қатысатынын нақтыламады.

Ресей, АҚШ және Украина арасындағы үшжақты келіссөздердің кезекті кезеңі 10–11 қарашада Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде өтеді деп жоспарланған. Бұған дейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей делегациясын мемлекет басшысының көмекшісі Владимир Мединский басқаратынын хабарлаған болатын.

Бұған дейін АҚШ келіссөздер форматын Еуропа елдерінің қатысуы есебінен кеңейту мүмкіндігін қарастырғаны хабарланған еді. Бұл туралы Джаред Кушнер мәлімдеп, америкалық тараптың Еуропадағы серіктестерімен консультация өткізуді жоспарлап отырғанын айтқан. Ал бұған дейін Кремль алдағы кездесуге Еуропа өкілдерінің қатысу мүмкіндігін жоққа шығарған болатын. Себебі бастапқыда келіссөздерді үшжақты форматта өткізу туралы келісілген.