Франция Газада аштық қаупі төнген журналистерді эвакуациялайды
АСТАНА. KAZINFORM — AFP (Agence France-Presse) француз ақпарат агенттігінің басшылығы Газада жұмыс істейтін тілшілерін эвакуациялауға кірісті, деп хабарлайды Anadolu.
Эвакуация туралы шешім Газадағы өлімге әкеліп жатқан қатты ашаршылыққа байланысты қабылданды.
— Журналистердің өміріне қауіп төніп тұр. Сондықтан Израиль билігінен тілшілер мен олардың отбасыларын дереу эвакуациялауға рұқсат беруін сұраймыз. Біз Газадағы қорқынышты жағдайға қатты алаңдаймыз. Айлар бойы қызметкерлеріміздің тұрмыс жағдайының күрт нашарлағанына куә болдық. Олардың өнеге боларлық батылдығы, кәсіби адалдығы мен табандылығына қарамастан, қазіргі жағдайға шыдауға болмайды, - дейді агенттік басшылығы.
2024 жылдың қаңтары мен сәуірі аралығында AFP-тің 8 қызметкері және олардың отбасылары Газадан эвакуацияланды. Агенттік бұл жетістікті атап өтіп, өз қызметкерлеріне тағы бір рет осындай жағдай жасайтынын айтқан.
— AFP 1944 жылдың тамызында құрылғаннан бері көптеген журналистер түрлі қақтығыстарда қаза тапты. Біз олардың жарақат алғанына, тіпті түрмеге жабылғанына да куә болдық. Бірақ қызметкерлердің аштан өлген кезі есімізде жоқ, - делінген агенттіктің Х-тегі жазбасында.
Committee to Protect Journalists-тің (Журналистерді қорғау комитеті) статистикасына сәйкес, соғыс басталған 2023 жылдың 7 қазанынан бері Газада 186 журналист пен БАҚ қызметкері қаза тапқан. Оның 176-сы палестиналық, 2-і израильдік. Бұл 2025 жылдың 16 маусымындағы жағдай бойынша алынған деректер және қазір комитет тағы 130-дан астам жәйтті тексеріп жатыр.
Еске сала кетейік, БҰҰ Бас хатшысы Газа секторындағы ашаршылық әр есікті «қағып тұрғанын» айтып, дабыл қақты.